Кеңес Одағы тұсында дініміз құрықталып, мешіттің босағасынан аттап, мінәжат етуге жүрегіміз дауаламайтын күндер келмеске кетті. Тәуелсіздіктің ризығымен ешкімнен қорқып, үрікпей имандылыққа бет бұрдық. Соның бір көрінісі – жер-жерде салынып жатқан мешіттер. Осындай игілікті, көпшілікке, әсіресе, жас ұрпаққа ризығы мол жұмыстарды жүрек қалауымен атқарып жүрген атпал азаматтарға ел-жұрттың алғысы шексіз. Мұндай қалталы азаматтар мешіттер салып қана қоймай, оларды ұстауға, қажетті жабдықтар алуға, әсіресе, балаларды діни оқуға бейімдеуге, имамдарды қаражатпен қамтамасыз етуге қамқорлық жасаса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ондайлар көп емес, алайда жоқ та емес. Жақында облысымыздың құрметті азаматы, зейнеткер Құдайберген Қалиев Алматы облысында болғанда байқаған әлгіндей бір жанашыр азаматтың игілікті, шарапатты ісін үлгі етіп, редакцияға келген еді.
– Құдайберген аға, өзіңіз бел ортасынан табылып, көзайым болған сапарыңыз жайында баяндап берсеңіз?
– Айтайын. Алматы облысының Балқаш ауданындағы Бояулы деген ауылда Азамат Молдақасымов деген жеке кәсіпкер үлкен мешіт салып, тұрғындарға тарту етті. Мен Азаматты да, оның әкесі Балтағұлды да жақсы білетіндіктен, осы салтанатқа арнайы шақырту алып, Алматыдан 250 шақырым жердегі Бояулыға барып қайттым.
Салтанатқа шақырылуымның сыры мынада: мен 1985 жылдан былай Соколов аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде болған кезімде Алматыда республикадағы ауатком төрағаларының жиыны болып тұратын. Бұл жиналыстарға барған сайын Алматы облысында осындай қызмет атқаратын Балтағұл Молдақасымов деген азаматпен жақын танысып, кейін қарым-қатынасымыз достыққа ұласып кетті. Оның ұлы Азамат Қызылжарда тұрады екен.
Мына қызықты қараңыз, Азаматтың шешесі менің жақсы жолдасым, сол жылдары Возвышен аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Аманбол Оразалиннің апасы Жанкүміс Мұхамедқалиқызы екен. Қазақ жолымен келгенде, Балтағұл маған күйеу бала, ал Азамат жиен болып шықты. Оның үстіне, Азамат Балтағұлұлының зайыбы – Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Мінайдар Жақыповтың қызы. Қай жағынан алма, бұлар маған нағыз етене туыс сынды болып кетті.
Мен Азаматты сол жылдардан білетінмін. Ол Қызылжарда жеке кәсіппен айналысты. Бір аңғарғаным, өте қажырлы, қақ-соқта жұмысы жоқ, өз ісіне мығым, адал жігіт. Және бір сөзді. Айтқанын тындырмай қоймайтын іскер, жігерлі. Маған осы қасиеті ұнады. Бұл жағынан әкесіне тартқаны айдан анық. Мен білетін Балтағұл Модақасымұлы – іскер, белсенді, беделді, орнықты азамат. Кеудеқағары жоқ, байсалды.
– Мешіт дәл қай күні ашылды және оның өзге осындай ғибадат орындарынан өзгешелігі бар ма?
– Азамат Балтағұлұлы мешіттің ашылу салтанатын мамырдың үшінші жұлдызына белгілепті. Бұл, бір қарасаң, айызың қанатын ғимарат екен. Жиналған нөпір жұртшылықта қисап жоқ. Естуімше, бір жарым мың адам тоғысыпты. Тегінде, бұрын-соңды бұл өңірде мұндай жиын бола қоймаса керек.
Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан қажы Маямеров мешітті Құран бағыштап ашып, кәсіпкер, осындай игілікті істердің ұйытқысы, ұйымдастырушысы Азамат Молдақасымовтың жан жомарттығын үлгі ете сөйледі.
Айтса айтқандай, Азаматтың жомарттығына, имандылығына тәнті боласың. Ол мешіт салып қана қоймапты. Оның жанынан елу шәкіртке арналған медресе ашыпты. Бұл төрт жұлдызды ғимарат үлгісінде салынған діни оқу орны екен. Іші кірсе шыққысыз, сәулелі әрі мұнтаздай таза. Екінші қабатында балалар тұрса және оқу залы, сабақтар өтетін бөлмелер болса, астыңғысында кітапхана мен асхана орналастырылыпты.
Мешіттің ашылуына орай Мысырдан ислам діні оқымыстыларының 12 мың дана кітаптарын алдырған екен. Оның ішінде Шығыс ғұламасы әл-Фарабидің де еңбектері бар. Осы орайда Каирде Ержан қажымен бірге оқыған серіктерінің бірі сол кезде қолға ұстамақ түгіл, көзбен ғана көрген бұл кітаптардың қаншалықты құнды екендігін тілінің майын тамыза жеткізді.
Бір айрықша назар аударғым келетіні, Азаматтың осы медресені ұстауға, мешіттің барлық керек-жарағына, имамның еңбекақысына деген шығындарды толығымен өзінің көтеріп алуы.
– Ал біздің кейбір қалталы азаматтардың арасында мешіт салғанымен, оның одан арғы күнкөрісіне бейжай қарайтындар да бар ғой. Азамат Балтағұлұлының мына жомарттығы, шынында да, сүйсінерлік екен.
– Соны айтам да. Ол менімен әңгіме арасында ұлы Абайдың “Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас” дегенін және осы өлеңдегі “Азаматтың бәрін сүй бауырым деп” дегенін берік ұстанатынын айтты.
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.