«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКӨНІС – ҚОЙМАДА

Биылғы жиын-терін жұмыстары Тайынша ауданының Қарағаш ауылындағы “Астық – STEM” ЖШС-і көкөніс өсірушілері үшін де жеңіл түскен жоқ.

– Ауа райының құбылмалы болуы, ылғалдың мол түсуі күзгі дала жұмыстарын ырғақты жүргізуге мүмкіндік бермеді. Қолайлы сәттерді барынша тиімді пайдаланып, өсірілген өнімді далада қалдырмауға тырыстық. Биылғы жылы 100 гектарға картоп, 60 гектарға сәбіз және шаруашылықтың ішкі қажеттілігі үшін қосымша қырыққабат пен пияз өсіріп, олардан біршама тәуір өнім жинадық. Күн сайын сақтау қоймаларына танаптан 50 тоннаға дейін картоп түсіп отырды, – дейді серіктестік директорының орынбасары Шынтемір Оқасов.

Картоп өсіру жөніндегі осызаманғы технологияны бірнеше жылдан бері пайдаланып жүрген шаруашылық Германиядан әкелінген арнайы техникалармен жұмыс істейді. Картоптың әр гектарынан 40 центнерге жуық өнім алынды. Биылғыдай күрделі ауыл шаруашылығы жылында ол нашар көрсеткіш емес. Шаруашылықтың картоп сақтау қоймаларында шетелдік іріктегіш машиналар жұмыс істейді. Бірақ қандай жаңа үлгідегі техникалар болғанымен, бәрібір адамдардың көмегінсіз іріктеу мүмкін емес. Бұл жерде апалы-сіңлі Шолпан мен Сәуле Тәшкеевалар, Жанат Орынбасарова және Бекай Ақболыс тұрақты еңбек етеді.

Құт қамбасындағы картоп пен сәбіз іріктеу жұмыстары науқанның қарбалас шағында екі ауысымда ұйымдастырылды. Шаруашылықтың озат жүргізушілері Төребек Әбішев, Оралбек Бектеміров және Жасұлан Баймұқанов өздерінің жүк көліктерімен ауысымына алты және одан да көп рет қатынап отырды. Жиынтерін басынан бері олардың әрқайсысы танаптан қоймаға 200 тоннаның үстінде картоп пен сәбіз жеткізді.

Жоғарыда айтқанымыздай, ауа райының өте қолайсыз жағдайындағы дәнді дақылдар жинау жұмыстары Қарағаш ауылында әлі де жалғасуда.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,

журналист.

СУРЕТТЕ: көкөніс іріктеушілер жұмыс үстінде.

Суретті түсірген автор.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp