
Көшеде желмен желбіреген көк байрағымыз көзіме түскенде жадыма атақты Сүйінбай ақынның:
Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен!
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен!
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен!
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен!
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым! – деген өлең жолдары оралып, арқаланып, аруақтанып кетемін …
Мемлекеттік мерекелерді атап өтуге арналған жиындар мен басқа да салтанатты шараларда Мемлекеттік Туымыз көтеріліп, Гимніміз орындалған сайын ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіз Қазақ елінің азаматы екенімізді тағы бір айқын сезініп, кеудемізді қуаныш кернеп тұрады. Өткен Лондон Олимпиадасында көк байрағымыз 7 мәрте көтеріліп, әнұранымыз әуелегенде баршамыздың төбеміз аспанға тигендей күй кештік емес пе?! Саңлақ боксшымыз Геннадий Головкин әлем назары ауған шаршы алаңдағы әр жеңісінен соң Мемлекеттік Туымызды арқасына жамылғанда қайсымыз сүйінбейміз?! Нардың жүгін көтерген штангашы батырымыз Илья Ильин дүниежүзілік рекорд жасап, чемпион атанған сайын көк байрағымызды қолына алып, көкке кере көтергенінде қайсымыз разы болмаймыз?!
Ал күні кеше ұлтымыздан шыққан үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов Мемлекеттік Туымызды өзімен бірге ғарышқа ала кетті. Ол – енді жай ғана ғарышкер емес, көк байрағымызды ең биікке көтерген ерлеріміздің бірі. Осылайша, ғарыш сәулесіне де малынатын мемлекеттік рәмізіміздің қасиеті тіпті арта түсетіндей көрінеді маған …
Осы орайда тағы бір айта кететін жағымды жайт: жуырда Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына орай облыс орталығындағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ғимаратында өткізілген салтанатты жиында Мемлекеттік Туымызға ерекше құрмет көрсетілді. Көк байрағымызды әскерилерден құралған құрметті қарауыл айрықша салтанатпен залға кіргізіп, сахна төріне шығарып, күзетіп тұрды және жиын соңында сол тәртіппен алып кетті. Жиналған қауым осы рәсімдерге орай орындарынан түрегеліп, Мемлекеттік Туымызға ерекше құрмет көрсетті. Шынын айтсақ, бұдан бірер жыл бұрын аталмыш ғимаратта өткізілген талай ірі қоғамдық-саяси шараларда көк байрағымызға мұндай құрмет рәсімі жасалмай, көңілімізге кірбің ұялатушы еді. Өйткені, Мемлекеттік Ту театр сахнасына алдын ала орнатылып қойылатын, ал алқалы жиын аяқталған соң әлдебір жұмыскер оны тұғырынан суырып алып, қисайта сүйретіп әкетіп бара жататын … Сондықтан да өңіріміздің идеология саласында енгізілген шағын да болса шапағатты өзгеріске қуанып қалдық.
… Айдын Айымбетовтің Мемлекеттік Туымызды ғарышқа әкететінін естігенде жақында шетелге оқуға аттанған бір жақынымның баласының да көк байрағымызды өзімен бірге ала кеткені ойыма оралды. Осы параллельден тілге оралған тілек те ортақ: көк байрағын қастерлеген ұлдарымыздың сапарлары оң болсын!
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.