«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«КӨК КОНВЕРТКЕ» ТӘУЕЛДІЛЕР АЗ

Елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысы өтіп, жиынға өңірлер онлайн режім арқылы қатысты. Келелі бас қосуда агенттіктің 2019 жылы атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы міндеттер белгіленді. Ведомство басшысы Алик Шпекбаевтың айтуынша, еліміздегі бірнеше сала жемқорлыққа белшесінен батқан. Әсіресе, білім саласында жемқорлыққа қатысты 161 іс тіркелді. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы саласында бармақ бастылық, көз қыстылық әрекеттер тыялар емес. Бұл тізімде 107 заң бұзушылық тіркелген денсаулық сақтау саласы да бар.

Жемқорлықтың тамырына балта шабу үшін ең алдымен бюджеттік орган жетекшілерін мемлекеттік сатып алулар жүргізуден босату, бухгалтерияны орталықтандыру жəне барлық процестерді автоматтандыру керек. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде «Парасаттылық негіздері» атты міндетті оқу пəнін енгізу қажеттілігі сөз болды.
Агенттік төрағасы атап өткендей, былтыр ел көлемінде жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен 1175 лауазымды тұлға тəртіптік жəне əкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, жиында мемлекеттік қызметшілерді кірістері мен шығыстары туралы декларация жариялауға міндеттеу, кəсіби адалдыққа тестілеу енгізу мəселелері де көтерілді. Коммерциялық банктер, табиғи монополия, ірі өндіруші жəне кен өндіруші кəсіпорындар, сауда желілері субъектілері сынды жеке секторда да сыбайлас жемқорлық тəуекелдері байқалуда. Сонымен қатар алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру жұмысы да жалғасады.
Еліміз бойынша жемқорлық көріністері Қызылжар өңірінде аз тіркелген екен. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы облыс әкімі Құмар Ақсақалов баяндады.
– Облыста жемқорлықтың алдын алу шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Осының арқасында облыстың экономикалық көрсеткіштерінде оң нәтиже бар екенін аңғаруға болады. Алдымен, біздің өңірге деген инвесторлардың қызығушылығы артып, облыс экономикасына қаржы салуға ниетті кәсіпкерлер қатары көбейді. Былтыр инвестиция көлемі 8,8 пайызға өсті. 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Әрі 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады, – деген Құмар Ақсақалов шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артқанын да тілге тиек етті. Өңіріміздегі барлық салықтың 58 пайызы бизнес өкілдерінен түсіп отыр.
Десек те, «көк конверттің» дәурені жүріп тұрған салалар да баршылық. Мәселен, жер қатынастары, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы «бармақ басты, көз қыстылыққа» бейім екені белгілі болған. Осы орайда рұқсат құжаттарын беру тетігін жетілдіру аса қажет. Егер «Геопортал» ақпараттық жүйесі енгізілсе, жер қатынастары саласындағы рұқсат беру үрдістері ашық болады. Ал тұрмыстық сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың жолын кесуде ақшасыз есеп айырысудың маңызы зор. Осы бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде ақшасыз есеп айырысудың үлесі 16-дан 40,4 пайызға өсті. Жан-жақты жүргізілген осындай алдын-алу шаралары өңірімізде жемқорлық оқиғаларының азаюына ықпал етті.
Отырыс соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, ойларын ортаға салды. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp