Әрбір автомобиль иесі өз көлігінің ұзақ уақыт сынбай жүргенін қалайды. Бұған бірқатар факторлар, соның ішінде автомобильде қолданылатын техникалық сұйықтықтардың сапасы әсер етеді.
Автомобиль қозғалтқышы жұмысының тиімділігі және жекелеген бөлшектердің қызмет ету мерзімі жанармайдың сапасына байланысты. Автокөлікке құйылған жанармайдың сапасыздығы қозғалтқыштың іске қосылуынан бастап, жанармай жүйесінің істен шығуына дейін әртүрлі жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.
Бензиннің сапасы – октан санын, фракциялық құрамын, сондай-ақ зиянды қоспалардың барлық түрлерінің – қышқылдардың, сілтілердің, органикалық қосылыстардың және басқа заттардың болуын қамтитын көрсеткіштердің тұтас жиынтығы. Өкінішке қарай, жанармай құю станциялары әрқашан құйылатын бензиннің сапасына кепілдік бермейді. Өндіруші жанармайдың сапасын арнайы сертификатта көрсетуге міндетті болғанымен, берілген мәліметтер нақты көрсеткіштерден алыс болатын жайттар аз емес.
Егер жанармай құйғаннан кейін сіздің машинаңыз нашар жұмыс істей бастады деп ойласаңыз (қозғалтқыштың сенімсіз іске қосылуы, тұрақсыз бос жүріс, өзгермелі айналымдар, қозғалтқыштың дірілі, бақылау тақтасында жанған «Check», қуаттың төмендеуі) ЖҚС қызметкерлеріне талап қоюға болады. Тұтынушының талабы бойынша сатушы отынның сапасы туралы құжаттың (паспорттың) көшірмесін көрсетуге міндетті. Егер сіздің талаптарыңызға ЖҚС тарапынан реакция болмаса, техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органға шағым жазыңыз. Онда сенімді негіздер мен растайтын дәлелдер келтіру (чектер, фото/бейне материалдар және т.б.) қажет.
Ведомство қызметкерлері аталған ЖҚС-ты тексереді және тексеру нәтижелері туралы сізге хабарлайды. Алайда бұл процедуралардың барлығы белгілі бір шығындарды және уақытты талап етеді. Әрине, жанармай құю чегін сақтау керек. Бұл дәл осы жанармай құю станциясында жанармай құйғаныңыздың дәлелі. Сондай-ақ сапасыз мотор майлары немесе салқындатқыш сұйықтықтар үшін департаментке хабарласуға болады.
Барлық сұрақтар, соның ішінде өтініш беру үшін «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті» РММ-ға Петропавл қаласы, Ульянов көшесі, 56 мекенжайы, 52-75-31 телефоны, gosnadzor_sko@mail.kz электронды поштасы немесе e-otinish порталы арқылы хабарласуға болады.
Азамат КӘРІМОВ,
Техникалық реттеу және метрология комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы.