«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЛІКТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Өткен жылы облыстық көлік прокуратурасы көлік саласындағы заңдылықты нығайтуда нақты нәтижелерге қол жеткізді. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, көлік саласындағы еңбек адамының құқықтарына қол сұғушылыққа жол бермеу, көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелерге баса назар аударылды.

Былтыр өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық саланы қадағалау бағытында 551 заң бұзушылық анықталып, 76 ықпал ету актісі енгізілген болатын. Нәтижесінде 35 заңсыз акт күшін жойып, өзгертілді. 110 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылып, көлік саласындағы 284 жұмысшының конституциялық құқықтары қорғалды.

Көлік кәсіпорындарындағы жұмысшылардың еңбек қатынастарындағы құқықтарының қорғалуы, жұмыста қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбекақыны уақтылы төлеу мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Былтыр прокуратураның араласуымен Петропавл қаласындағы халықаралық әуежайдың басшылығы жұмысшыларына 39,7 миллион теңгенің еңбекақы қарызын толық өтеді.

Көлік прокуратурасы өңірлік кәсіпкерлер палатасымен және бизнес қауымдастықтарымен өзара тығыз әрекет етуде. Бірлесе атқарылған жұмыс барысында жүк тасымалдаудағы келелі мәселелер талқыланып, заң бұзушылыққа қатысты кәсіпкерлерден түскен 3 өтініш бойынша тексеріс жүргізілді.

Экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаға залал келтірген шығынды өтеу мәселелерінде де салғырттыққа салынуға болмайды. “UNION GROUP” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай құбырларын қазып алу кезінде топырақ құнарлылығын қалпына келтірместен, аршу жұмыстарын жүргізгендігі белгілі болды. Газбен дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысында да зиянды заттардың ауаға тарағаны анықталды. Прокуратураның араласуының нәтижесінде кәсіпорынға 1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. 180,6 мың теңгеге бағаланған қоршаған ортаға келген залал толық өтелді. Сотқа арыздану арқылы ауыл шаруашылығы шеккен 5,8 миллион теңгенің шығыны да толық қайтарылды.

Экологиялық және жер заңнамасын бұзу фактілері “Уралтранснефтепродукт” ашық акционерлік қоғамы кәсіпорнында да анықталды. Жер учаскесіне қатысты тиісті құжаттардың болмағанына қарамастан, кәсіпорын аршу жұмыстарына кіріскен. Мұнда да топырақ құнарлылығы қалпына келтірілмеген. Прокуратураның ықпал ету актісі бойынша құзыретті орган аталмыш мәселе бойынша сотқа арызданды. Оның нәтижесінде 23 миллион теңгенің экологиялық шығыны толық өтелді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуы қашанда қадағалау органының назарында. Лауазымды тұлғалардың мүліктерін толық мағлұмдамау фактісі бойынша ұсыныстар енгізіліп, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау бағытындағы жұмыс нәтижесінде бюджетке 17,6 миллион теңгенің қаражаты қайтарылды. Іс жүргізу өндірісіндегі нәтижелер де елеулі. Прокурорлық ықпал ету актілеріне сәйкес мемлекетке 42 миллион теңге қайтарылды.

Биылғы жылы да көлік саласын қадағалаудың тиімділігін арттыру және заңдылықты нығайту бағытындағы жұмыс жалғаса бермек.

Нұрболат ҚАТУОВ,

облыстық көлік прокуроры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp