«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЛІКТЕРДІ РӘСІМДЕУДЕГІ ҚИЫНДЫҚТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес мәселелері бойынша “дөңгелек үстел” өтті. Жиынға “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының, Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы билік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша Тәртіптік кеңесі хатшылығының меңгерушісі Жанат Жұмабаев мемлекеттік қызмет көрсету кезінде туындайтын бірқатар қиындықтарды атап өтті.

– Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігін беруде мемлекеттік қызмет орындарымен өзара байланыс орнатылмаған. Көлікті рәсімдеу кезінде ішкі істер департаментінің тіркеу-емтихан алу жұмыстары бөлімінің қызметкерлері, залда салық қызметкерлерінің болғанына қарамастан, әкімшілік айыппұлдардың төленгені туралы анықтаманы қайтадан талап етеді. Жүргізуші куәлігін алу үшін комиссиядан өтуде де қиындықтар бар. Мәселен, психолог пен наркологтың қабылдау уақыты – сағат 9-дан 16-ға дейін ғана. Бұл кешкі сағат 8-ге дейін қызмет көрсететін орталық жұмысының уақытына сәйкес келмейді, – деді Жанат Жұмабаев.

Кездесуде өзге мәселелер де талқыланып, көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің көптігіне байланысты көлік құралдарын тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге қатысты ұсыныстар айтылды.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp