Облыс орталығында спирттік ішімдікке тойып алған екі жаяу жүргінші жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болып, көліктің астында қала жаздады.
55 жастағы петропавлдық Уәлиханов және Хименко көшелерінің қиылысында бағдаршамның қызыл түсіне өтіп бара жатқанда жол-көлік оқиғасына ұшырады. Масаң күйдегі әйел түрлі дене жарақатын алып, оңай құтылды.
Дәл сол күні “Лада” маркалы автокөлік Қызылжар ауданының 51 жастағы тұрғынын қағып кетті. Ащы судан ұрттап алған ол Нұрсұлтан Назарбаев көшесінен белгіленбеген жерден өтпек болып, ауруханаға жеткізілді.
Жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен 49 жол-көлік оқиғасы орын алып, алты адам көз жұмды. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен алты мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды.