Облыс орталығының тұрғыны Мұрат Хасенеев жаңа жылдан бастап көлікті тіркеу ақысына өзгерістер енгізілгенін айта келіп, жан-жақты түсінік беруін өтініпті. Оның сауалына облыстық полиция департаменті процессингтік орталығының бастығы, полиция майоры Қайрат Сейітқұлов жауап берді.
«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіштің 4325 теңге болып белгіленуіне байланысты автомобильдер мен коммерциялық техниканың алғашқы тіркеу алымының құны өседі. Төлем мөлшері көліктің қозғалтқыш түріне (электрлі немесе дәстүрлі) және зауыттан шыққан жылына (зауыттық тақтайшада жазылған күн) тікелей байланысты болмақ.
Жаңа ережелерге сәйкес, электромобиль иелері үшін ең төменгі тарифтер сақталады. Шыққанына 2 жыл толмаған электромобильді тіркеу бағасы 1081 теңге болса, 2 жылдан 3 жылға дейінгілер үшін — 108125 теңге.
Дәстүрлі қозғалтқышы бар жеңіл көліктер (М1) үшін алым мөлшері төмендегідей:
2 жылға дейінгі жаңа көліктер: 1081 теңге (0.25 АЕК);
2-3 жыл болғандар: 216250 теңге (50 АЕК);
3 жылдан асқандар: 2162500 теңге (500 АЕК).
Автобустар мен жүк көліктері үшін (ершікті тартқыштарды қоспағанда) ескіру мерзіміне қарай төлем 1081 теңгеден басталып, 5 жылдан асқан техникалар үшін 10,8 млн. теңгеге дейін жетеді.
1 қаңтардан бастап салық реформасы күшіне енді. Осыған орай халықаралық тасымалмен айналысатын компаниялар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Яғни 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін шыққанына 7 жыл болған N3 категориясындағы көлік құралы (ершікті тартқыш) үшін бастапқы мемлекеттік тіркеу алымы алынбайды.
Алғашқы тіркеу ақысына техпаспорт пен мемлекеттік нөмір алымы кірмейді. Техпаспорт (1.25 АЕК) пен мемлекеттік нөмір (2.8 АЕК) үшін жалпы сомасы 17516 теңге төленуі тиіс», – делінген жауапта.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».