Өткен алты айда атқарған жұмыстарын қорытындылаған облыстық көлік прокуратурасы осы уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық салада 117 заң бұзушылықты анықтап, 12 лауазымды тұлғаны – тәртіптік, 63 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сондай-ақ, 282 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалыпты.
Көлік прокуроры Нұрболат Қатуовтың айтуынша, көлік кәсіпорындары қызметкерлерінің еңбек құқықтарын сақтау, қауіпсіздік жағдайларын қамтамасыз ету және жалақыны уақтылы төлеу мәселелері тұрақты бақылауға алынып, “Петропавл қаласы халықаралық әуежайы” АҚ қызметкерлерінің ала алмай жүрген 24 миллион теңгеден астам еңбекақыларының төленуіне қол жеткізілген. Экологиялық ережені бұзып, қоршаған ортаға зиян келтіргендерден де мемлекеттік бюджетке 27 миллион теңге өндіріліп алыныпты.
Сонымен қатар, кірме жолдарды пайдалану бойынша салық заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау қорытындысы да заңсыздықтың орын алғанын көрсеткен. 10 кірме жолдың жолайырық иегерлерінің салық және тағы да басқа міндетті төлемдер бойынша 74 миллион теңгеден астам берешегі бар екен. Бүгінде облыстық мемлекеттік кірістер департаменті олардың салықты төлеуі үшін тиісті шаралар қолдануда.
Бұдан басқа, прокуратура қылмыстық ізге түсу органдарының заңсыз іс-әрекеттерінен болған шығынның орнын толтыру үшін тиісті шешім қабылдаған. Нұрболат Қатуовтың айтуынша, Петропавл стансасындағы ішкі істер желілік бөлімнің қызметкерлерінің С. деген азаматқа қатысты заңсыз іс-әрекеттерінің салдарынан келген материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеу үшін соттың шешімімен мемлекеттік қазынадан 1 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Үстіміздегі жылы прокуратура аталмыш қаржыны кінәлі полиция қызметкерлерінен өндіріп алу үшін сотқа талап-арыз беріп, оны №2 Петропавл қалалық соты толық көлемде қанағаттандырған.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.