Дүйсенбі, 13 қаңтар күні Мамлют ауданының Покровка ауылының жанындағы айналма жолда «КамАЗ» көлігінің тіркемесі аударылып қалды. Тіркемеде 20 тонна тақтай болған. Көлік жүргізушісі, Шымкент қаласының 42 жастағы тұрғыны рөлге ие бола алмай қалыпты. Ол жүкті Ресейдің Түмен қаласынан Бішкекке дейін жеткізуі тиіс болған.
Жергілікті тұрғындар тіркемені тақтайдан босатуға көмектесті. Өтіп бара жатқан жүргізушілердің бірі тәртіп сақшыларына хабар берді. Олар өз кезегінде оқиға орнына жылдам жетіп, қалған қызметтің жұмысын ұйымдастырды. Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері кранмен тіркемені көтерсе, «Қазавтожол» АҚ-ы облыстық филиалының мамандары тиісті белгілер қойып, жолды уақытша жапты. Көлік ағыны «Челябі-Новосібір» тас жолы арқылы жалғасты.
-Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оқиға орнында кезекшілік етті. Қазір көлікті жөндеу және жүкті жеткізу мәселесі шешіліп жатыр. Біздің қызметкерлер әдетте жүргізуші жолын жалғастырғанша дейін көмек көрсетеді. Қыс мезгілінде мұндай оқиғалар жиі болып тұрады, – дейді облыстық патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.