«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрында Көлік саласы қызметкерлері күніне орай өткізілген салтанатты шараға қатысып, әлеуметтік-экономикалық дамуға ерекше үлес қосып жүрген мамандарға облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті, жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтады.

Экономиканы үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөнінде Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда көлік қызметкерлерінің еңбегі зор. Олар кәсіпорындардың іркіліссіз жұмысын, республиканың елді мекендерінің тіршілігін, азаматтардың іскерлік және мәдени байланыстарын қамтамасыз ете отырып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға лайықты үлес қосып келеді.  

– Елбасымыздың “Нұрлы жол” бағдарламасында көлік кешенін дамытуға айрықша маңыз берілген. Тек біздің Қызылжар өңірінде ғана жыл сайын автомобиль, темір және әуе жолдарымен ондаған мың жолаушылар, 137 мың тоннадан астам жүк тасымалданады. Бұл тұрғыда көлік қызметкерлерінің атқарып отырған еңбектері ерекше. Облыста көлік қызметі көрсетілмейтін елді мекендерді жолаушылар тасымалымен қамтамасыз ету бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осындай көлік байланысымен қамту 117 елді мекенге немесе 17 пайызға көбейді. Әрине, алдымызда тұрған сапаны, жайлылықты және көлік саласының қауіпсіздігін арттыру бойынша атқаратын ауқымды жұмыс аз емес. Таяуда облыс орталығының 10 көшесін қосымша жөндеуді, Петропавл халықаралық әуежайының ұшу-қону алаңын қалпына келтіруді қолға алдық. Келесі жылы әуежайдың жолаушылар терминалы күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи құралдармен жабдықталады. Сіздердің жоғары кәсіби шеберліктеріңізбен, жауапкершіліктеріңізбен және адал еңбектеріңізбен барлық міндеттерді абыройлы атқаратын боламыз, – дей келіп, облыс әкімі Ерік Сұлтанов көлік қызметкерлеріне мықты денсаулық, бақыт пен еңбектеріне табыс тіледі.

Ерік Хамзаұлы “Партнер-Авто” ЖШС-нің механигі Борис Патрушевке Инвестициялар және даму министрлігінің “Құрметті автокөлікші”, “Петропавл-Норд” ЖШС-нің жүргізушісі Андрей Ильюхинге “Үздік автокөлікші” төсбелгісін, 10 еңбек озатына облыс әкімінің Құрмет грамотасын, 16 үздік қызметкерге облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің басшысы Петр Мелащенко да әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтап, облыс басшылығының көлік саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғандығына ризашылығын білдірді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp