«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨМЕГІ КӨПКЕ ДЕМЕУ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңіріміздегі филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында тұрғындарға мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақы тағайындайтын және жұмыспен қамту органдары туралы әңгіме өрбіді.

Бүгінгі таңда тізілім бойынша тиісті билік орындары тарапынан облысымыздың тұрғындарына мемлекеттік қызметтің 11 түрі көрсетіледі. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен басқа мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар тағайындалады. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтiк қорғау және көшi-қон комитетiнiң Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментi басшысының орынбасары Арай Нұғыманова мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатында мүгедектер үшін композиттік қызметтерді алу мүмкіндігінің жеңілдетілгені туралы айтылды. Мәселен, азамат мүгедектік тобын анықтау үшін комиссиядан өткенде, оның басқа еш жерге баруының қажеті жоқ. Оның құжаттары онлайн режімінде мемлекеттік корпорацияға беріледі, мұнда барлық жәрдемақы түрлерінің төлемі белгіленіп, оның төленуі де ұйымдастырылады. Ал мүгедектікке душар болған жағдайда мемлекет тарапынан ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады.

Жиында қиын немесе төтенше жағдайларға ұшыраған адамдарға жергілікті бюджеттен бөлінетін жәрдемақылар мен медициналық қызметтердің қарастырылатыны айтылды. Баспана кезегінде тұрған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастардың мемлекет тарапынан өтемақы алуға құқығы бар. Жыл басынан бері өңірімізде 1722 отбасыға тұрғын үй алуға 22 млн. теңге көлемінде төлемақы берілді.

Өңіріміздің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік қызметтің 2 түрін көрсетеді. Шетелден қоныс аударған қандастарымызға “Оралман” мәртебесі беріледі және елімізге жұмыс істеуге келген шетел азаматтарын тіркейді. Биыл өңірімізге көшіп келген 108 отбасыға квота берілген. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Қошмановтың айтуынша, жыл басынан бері шетелдерден 75 отбасы облысымызға қоныс аударған. Сонымен қатар бүгінде Түркия мен Украина елдерінен келген үш маман өңір аумағындағы кәсіпорындарда жұмыс істеуде.

Өткен тоғыз айда атқарған жұмысын қорытындылай келе, департамент өкілдері биыл қанатқақты режімде іске қосылған «Өрлеу» әлеуметтік бағдарламасы туралы мәлімет берді. Бағдарлама күн көрісі төмен отбасылардың нақты табысын арттыруға, оларды өзін-өзі қамту деңгейіне шығаруға ықпал ететін әлеуметтік оңалтуға арналған.

Баспасөз мәслихатының барысында түрмеден босап, қиын жағдайда қалған тұлғаларға көрсетілетін көмек түрлері де сөз болды.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp