«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨМЕК АЛУ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТУ ҚАЖЕТ

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов ардагерлер ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің қатысуымен өткен селекторлық кеңеске қатысты. Сондай-ақ, “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасындағы жаңашылдықтармен бөлісіп, “Жанұя” қазақстандық отбасыларды қолдау орталығы өкілдерімен әңгімелесті. Кездесулер барысында вице-министр атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тетіктерін түсіндіріп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер порталын енгізудің артықшылықтарына тоқталды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов былтыр өңірімізде 27 мыңнан астам азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын айтты. 16 мыңы – бала. Биылғы жылы өтініш білдіргендердің қатарында мемлекеттік көмек беру талаптарына сәйкес келмейтін отбасылар анықталған. Бүгінгі күні мамандар атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібін түсіндіру мақсатында үй-үйді аралап, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелерін жұмысқа тарту бойынша шаралар жүргізуде. Өйткені, жаңа тәртіп бойынша атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар міндетті түрде жұмысқа тұрып, масылдық мінез-құлықтан арылуы тиіс. Басқарма басшысы мемлекеттен көмек ала отыра, өздігінен еңбек еткісі келмейтіндерге ешқандай жеңілдік берілмейтінін ескертті.

Табысы аз отбасыларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету жұмыстары келесі аптадан басталмақ. “Біз 36 тауар жеткізушіні бекіттік. Тұрмысқа қажетті заттар құжат рәсімделген сәттен бастап әр отбасына бес күн ішінде “Қазпошта” АҚ облыстық филиалы арқылы жеткізіледі. Елді мекендер бойынша тауарды уақтылы тасымалдау ісіне жеке кәсіпкерлерді де тартып отырмыз”, – деді Алмаз Қошманов.

Бұдан былай мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету порталы жұмыс істейтін болады. Қазіргі таңда мүгедектігі бар жандар арасында электронды-цифрлық қолтаңбаны ресімдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ал өңірімізде тұратын бір мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балаға барлық әлеуметтік көмек түрі “Қамқорлық” бағдарламасы негізінде көрсетіледі. Өңірдегі әлеуметтік қолдау жұмыстарымен танысқан вице-министр атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетіктерін баяндады. “Биылғы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады, ал отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайтылады. Бұл мәселеде учаскелік комиссиялардың рөлі күшейтіледі”, – деді Ерлан Әукенов. Ол атаулы әлеуметтік көмек алғысы келетін отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу кезінде учаскелік комиссиялардың жұмысын қалай құру керектігін егжей-тегжейлі айтып берді.

Отырыс барысында мемлекеттен көмек алатын табысы аз отбасылардың балаларына арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетті тағайындау тәртібі таныстырылды. Вице-министрдің айтуынша, бұл топтамаға кіретін тұрмыстық химия өнімдері мен тауарлар тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен жасалған. Аз қамтылған отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, олардың мектепке дейінгі жол жүру шығыны өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Ерлан Әукенов 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы төленетінін атап өтті. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан төленеді. Сонымен қатар вице-министр “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының тетіктерін түсіндірді. “Көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту мақсатында оларға 4 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен микрокредиттер берілетін болады. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж жандар грант алуға құқылы”, – деді ол.

Жиын барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға көмекшінің қызметтерін ұсыну, медициналық-әлеуметтік сараптама мен мүгедектікті анықтау механизмі мен шарттары, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мәселелері де пысықталды.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp