“Волонтер жылы” аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде еріктілер қозғалысы жанданып, студенттердің қызығушылығы артуда.

Жоғары оқу орнындағы еріктілер қозғалысының қатарына 400-ден астам студент қабылданды. Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің “Әлеуметтік студенттік кредит” жобасының аясында жергілікті университетке 361 квота бөлінген еді. Жоба аясында студенттер еріктілік қызметі үшін ақшалай сыйақы алып, қоғамдық пайдалы жұмыс нәтижелері үшін академиялық кредиттерді қайта есепке ала алады. Яғни студенттер волонтер ретінде балалар, қарттар үйлеріне, білім беру және басқа да әлеуметтік мекемелерге көмек көрсетеді, бұл үшін оларға ақша төленеді. Ерікті болуға ниет танытқан студенттер “Qazvolunteer.kz” сайтына тіркелуі тиіс. Онда волонтер қажет ұйымдардың да тізімі көрсетіледі. Студенттер ол ұйымдарда әлеуметтік тәжірибеден өтеді. Бірақ квота саны шектеулі әрі оның белгіленген тәртібі болғандықтан, олардың барлығына әрі бірден ақша төленбейді. Мәселен, бір оқу жылында 70 сағат әлеуметтік жұмыс атқарған студент 70 мың теңге алады.
Ерікті жастардың қоғамға пайдасын тигізуге деген құлшынысы ерекше. Әр аптаның жұма күні Заречный, Ойқала сияқты шағынаудандарға барып, көшелерді қардан тазалау жұмыстарына белсене қатысады. Сонымен қатар жоғары оқу орнының ардагерлерін де назарымызда ұстаймыз. Жалғызбасты қарттардың аулаларын қардан тазалаумен шектелмей, үйін жинап, азық-түлікпен де көмек көрсетеміз.
Облыстық әділет департаментімен бірлескен іс-қимыл жөніндегі меморандумның аясында “Адал көмек” акциясын қолға алдық. Яғни, тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсететін жас заңгерлер тобын құрдық. Осылайша, заңгер мамандығын таңдаған студенттер менторлардың көмегімен құқықтық қызметтің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинауға мүмкіндік алады әрі тұрғындарға тегін заңгер көмегін көрсетеді.
Еріктілер түрлі қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды. Өткен демалыс күндері Алғыс айту күніне орай университетте шағын қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, жиналған қаржы Карина Дубованың еміне жұмсалды. Мұндай жәрмеңкелер облыс орталығындағы “City mall”, “Dostyq mall” сауда-ойын-сауық орталықтарында тұрақты түрде өткізілетінін де айта кеткеніміз жөн.
Жақында университеттің басшылығымен кездесу ұйымдастырып, “Волонтер жылы” аясында атқаратын жұмысымыздың жоспарын құрып, пікір алмастық. Алдағы уақытта жобалық кеңсе ашуды жоспарлап отырмыз. Оған кез келген мұқтаж адам жүгініп, мәселесін айтып, еріктілердің көмегін ала алады.
Богдан ПЕТРОВ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанындағы “Sanaly urpaq” жобалық кеңсесінің жетекшісі.