«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН МҰРА

Асық ату – қазақ халқының көнеден жеткен ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойын тек көңіл көтерудің құралы емес, ұлт болмысының айғағы, тәрбие мектебі. Еңбекте­ген баладан еңкейген қарияға дейін қызыға ойнайтын асық мергендікті, ептілік пен жылдамдықты шыңдайды. Бүгінде ойынның шекарасы Қазақстанмен шектелмей, шетелдерде де кеңінен танылып келеді.

Дәстүр сабақтастығының бір көрінісі – Петропавл қаласындағы «Береке» спорт кешенінде өтіп жат­қан ел чемпионаты. Асық ату мен бес асықтан ересектер арасындағы жарысқа еліміздің 19 өңірінен ерлер командалары және 14 облыстан қыздар командалары қатысуда.

Облысымыздың намысын қор­ғау үшін алты сайыпқыран сынға түсіп жатыр. Олар: Кенжехан Әкім­жанов, Дамир Сүндетов, Қанат Жа­хин, Сәния Әскер, Сабина Ермаған­бет және Камила Сексембай. Чем­пионатқа қатысып жатқан спорт­шылар арасында біздің команданың қос аруына жанкүйерлердің назары ерекше. Сәния Әскер – V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы, Қазақстан құрамасы­ның белді мүшесі, ал Камила Сек­сембай – 2024 жылғы әлем кубогы­ның чемпионы, ұлттық құрама са­пындағы дарынды спортшылардың бірі.

Чемпионаттың салтанатты ашы­луында Солтүстік Қазақстан облы­сының аға жаттықтырушысы Ағжан Сұрағанов «Асық ату спортының қайраткері» медалімен марапаттал­ды. Бұл – оның ұлттық спортты да­мыту жолындағы тынымсыз ең­бегінің жемісі.

«Жарысқа командалар көп жи­налды. Бұл – ел чемпионаты үшін рекорд. Тек Шығыс Қазақстан об­лысынан ғана спортшылар келе ал­мады», – дейді Ақжан Сұрағанов.

Асық ату сайысында қос ойын­шыға 10 минуттан беріледі. Осы уақыт ішінде қатысушылардың бірі қаз-қа­тар тізілген 15 асықтың 8-ін дәл көз­деп, шеңбер сыртына шығаруы тиіс. Бірінші орын алғанға 150 мың, екінші орынға 100 мың, үшінші орындарға 75 мыңнан сыйақы беріледі. Бұдан бө­лек, турнир соңында топ жарған жеңімпаздар кубоктармен, медаль­дармен және арнайы грамоталармен марапатталады. Сондай ақ жарыс жеңімпаздарына «Қазақстан Респуб­ликасының спорт шебері» атағы бері­леді. Және алдағы әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын болады.

Асық ату федерациясы елімізде 2011 жылы құрылған және содан бері ұлттық ойынды өскелең ұрпақ ара­сында кеңінен тарату бойынша жос­парлы жұмыс жүргізіп келеді. Рес­публикалық асық ойыны федера­циясының директоры Жомарт Са­быржановтың айтуынша, бұл ойын­ның 3 мың жылдық тарихы бар.

– Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табан­дырақ, шыдамды болып келеді. Қа­зақтың ұлттық асық ойыны 2017 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасының тізіміне енгізілген. Бұл – қазақ мәдениетін әлемге та­ныту жолындағы өте үлкен жетістік, – дейді чемпионаттың бас төрешісі, Қазақстан Республикасының құр­метті спорт қайраткері Жомарт Са­быржанұлы.

Ұлттық болмысымыздың бір бөлшегіне айналған асық ойыны бүгінде заманауи спорттық деңгейге көтерілді. Асық ату – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Енде­ше жас ұрпақ асық ойнау арқылы тек мергендік пен ептілікті ғана емес, ата-баба аманатын да бойына сіңіреді.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp