«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨНЕНІҢ КӨЗІНДЕЙ сирек жәдігерлерді жинаумен танылған

Петропавл қаласының тұрғыны Виктор Никоновтың үйі кірсе, шыққысыз: еріксіз таңдай қақтырады. Бейне бір ертегілер елінде жүргендей ғажайып әсерге бөленесің.

Ол өте сирек кездесетін, бүгінде емге де табылмайтын құнды заттарды бала кезінен тірнектеп жинаумен айналысып, содан бері арада атқан оқтай, шапқан аттай жарты ғасыр зулап өтсе де сүйікті ісінен қол үзген емес. Бүгінде оның коллекциясында XVII-XIX ғасырлардың тарихи жәдігерлері молынан кездеседі. Екі бөлмелі баспананың іші көне сағат, кереует, самауыр, тағы басқа тұрмыстық заттар дейсің бе… иін тіресіп тұр. Аспалы шам, үй жиһаздарына дейін ескіліктің көзіндей таңсық көрінеді, жылы ұшырайды. Мәселен, тұтас қабырғаны алып тұрған емен шкаф атақты орыс жазушысы Чеховпен құрдас көрінеді. Бірінші Петр патшаның тұсында шығарылған күміс бақырды Петропавл қаласының маңайынан тауып алған. Құнды ақшаның бірі – Сібірдің 10 тиынына қазба жұмыстары кезінде кезіккен. Оны 150 мың теңгеге саудалаушылар табылғанымен, сатуға қимаған. Ол кезде бұл ақшаға жайлы пәтер алуға болатын. 1888 жылы жасалған жез самауырдың сыртындағы зерлі әшекейлерге қарап бай-бағландар ғана шай ішкенін аңғару қиын емес.

Виктор Федоровичтің қолы алтын: кез келген затты қайта қалпына келтіре алатын ісмерлігі бар. Кереует, айна, шкаф, аспашам, орындықтардың тозығы жеткендерін өзі жамап-жасқап алады. Өмір бойы тірнектеп жинаған еңбегінің шашау шықпауын, жинақы тұрғанын қалайды.

– Мынау шкаф Германияда жасалған. 1992 жылы тарихи атамекеніне көшіп кеткен немістерден қалған, бір әйел мұражайға тапсырмақ болған. Одан мен сатып алып, кәдеге жараттым. Алғашқы құнды затты 11 жасымда ен даладан тауып алған едім. Содан бері сирек жәдігерлерді іздестірмесем, сатып алмасам, ішкен асым бойыма қонбайды. Мұны еріккеннің ермегі деп санамаңыздар. Хоббиден гөрі асыл құндылықтарға деген қамқорлық десе жарасар, – дейді петропавлдық коллекционер.

Виктор археологиялық қазба жұмысы экспедицияларына, түрлі саяхаттарға да жиі шығып, мұражай қорын толықтырып отыруды әдет еткен. Петропавл қаласына қатысты ескі суреттер – өз алдына бір төбе.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp