«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨНЕ МАЗАР ТАБЫЛДЫ

 

 

 

Уәлиханов ауданына қарасты Береке ауылының маңында XIV – XV ғасырларға жататын көне мазар табылды. 700 жыл жер астында көміліп жатқан тарихи нысанды М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің тарихшылары анықтап отыр. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев аталмыш нысанды аралап, қазба жұмыстарының барысымен танысты. 

Бүгінгі күнге дейінгі жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, бұл мола Алтын Орда тұсында салынған. Оны сол маңда табылған кірпіштердің көлемінен байқауға болады. Зерттеу тобының жетекшісі Тимур Смағұловтың топшылауынша, дәл осы мазарда Жошы ханның тікелей ұрпақтары жерленген болуы мүмкін. “Біздің экспедициямыздың мақсаты – Алтын Орда кезеңіне жататын ескеркіштер мен жәдігерлерді зерттеу. Дәл осы Сілеті өзенінің жағасында тарихи ескерткіштердің болғаны жайында Әлихан Бөкейханов пен Әлкей Марғұлан жазып кеткен. Олар осы аумақта қандай да бір сырлы кірпіштен тұрғызылған нысанның барын айтып, нақты мысалдар келтірген”, – дейді Тимур Смағұлов. 

Нысанды экспедициялық топ техниканың көмегенсіз қазуда. Қазба жұмыстары 13 қыркүйекте басталған. Небары жарты айдың ішінде 100 шаршы метр аумақ тазартылып, зерттеліп жатыр. Мазардан түрлі көлемдегі кірпіштер, алтын әшекей бұйымдар мен құмыралар және үй шаруасында қолданылатын құралдар табылған.
Сондай-ақ, мазар маңында ел тұрақтаған үлкен ауыл болуы мүмкін. Оны мазардан табылған құмыралар мен шаруашылыққа арналған түрлі құралдардан байқауға болады. Сондай-ақ, кірпіштерде төрт түлік пен ит, мысық сынды үй жануарларының іздері қалған.
Тарихы ескерткішті көзімен көріп, зерттеуді мақсат тұтқандардың бірі – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Бақытбек Білімбекұлы. “Мұндай мазарлар Қазақстан аумағында саусақпен санарлық. Өңір аумағында табылған нысанда тек мал шаруашылығы емес, егіншілік пен қол өнердің де дамығанын аңғардық”, – дейді ол.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp