Өңіріміздегі “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы “Өркениеттің көне мекені – Ботай қонысы” тақырыбында республикалық эсселер байқауын ұйымдастырды. Әр өңірдің оқушылары шығармашылық қабілеттерін сынға салып, берілген тақырып бойынша эссе жазды.
Өскелең ұрпақтың ел мен жердің тарихын танып өскені абзал. Осыны мақсат тұтқан байқауға қатысуға ниет танытқан оқушылардың белсенділігі қуантты. Әлемге әйгілі Ботай қонысы жайлы жазған шығармашылық жұмыстары оқушылардың қабілет-қарымын ғана емес, білімі мен дүниетанымын да аңғартады.
Қазылар алқасы жолданған эсселерді байқау талабына сәйкес елеп-екшеп, үздік жұмыстарды анықтады. Бас жүлде Айыртау ауданындағы Саумалкөл қазақ орта мектебінің 5-сынып оқушысы Айзере Абаеваға бұйырды. Бірінші орынға Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектептің 9-сынып оқушысы Зарина Әлібек, Айыртау ауданы Лобаново орта мектебінің 10 “А” сыныбының оқушысы Ахмет Төлебай жазған эссе лайық деп танылды. Көкшетау қаласындағы “Арна” колледжінің студенті Асылжан Байман және аталған шаһардағы №12 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Дарья Репина екінші орын алды. Байқау жүлдегерлерінің тізімін Абай облысы Аягөз қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Аяулым Мейрамханқызы, Петропавл қаласындағы “Білім-инновация” лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Альтаир Құрмашев, Айыртау ауданындағы Аксеновка орта мектебінің 5-сынып оқушысы Анна Погребных жалғады.
Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.