«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПБЕЙІНДІ ҚОНАҚҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Бейсенбі күні облыс орталығындағы К.Сүтішев және М.Горький көшелерінің қиылысында халықаралық стандарттағы “Hampton by Hilton” қонақүйінің құрылысын бастауға арналған шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов қатысып, инвестор “Nord hotel Group” ЖШС-нің игілікті ісіне сәттілік тіледі.

Аталмыш нысанның құрылтайшысы Дмитрий Кошелевтің айтуына қарағанда, қонақүйдің жобасы арнайы тапсырыс бойынша Мәскеуде жасалған. Оның жалпы аумағы – 10900, пайдалы алаңы – 10050 шаршы метр. Құрылыс “Nord hotel Group” ЖШС-нің жеке қаржысына салынады, сонымен бірге банк кредитінің сыйақысын демеуқаржыландыруға және инфрақұрылымдар тартуға “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы мен “Даму” қоры арқылы мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланған. Бас мердігер – “Ударник СК” ЖШС. Жеті қабаттан тұратын 4 жұлдызды көпбейінді қонақүй кешенінің жоғарғы 5 қабатында 120 нөмір орналасады, оның 2-еуі – президенттік, 2-еуі – люкс, 10-ы – делюкс, 106-сы – стандартты нөмірлер. Заманауи ғимаратта конференция залы, фитнес орталығы және мейрамхана болады, ал төменгі екі қабат сауда бутиктері мен супермаркет үшін пайдаланылмақ. Облыста теңдесі жоқ құрылысты 2016 жылы маусым айында аяқтау көзделіп отыр.  

– Біздің облыс үшін бұл оқиғаның маңызы зор. Аталмыш нысан – халықаралық стандартқа жауап беретін алғашқы көпбейінді қонақүй кешені болмақ. Ол өңірде іскерлік туризмді дамытуға септігін тигізіп, қонақтарды жоғары деңгейде қабылдауға мүмкіндік беретін болады. Келесі жылы облыс орталығында екі ел Президенттерінің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы өтеді. Инвестор мен бас мердігер осынау құрылысты сол шараға дейін аяқтаймыз деп міндеттеніп отыр, – дей келіп, Ерлан Әукенов қонақүйге өңірімізде шығарылатын құрылыс материалдарын барынша пайдалануды тапсырды.

– Мен – осы Петропавл қаласының тумасымын. Осында тұрамын. Өз жерімнің патриоты ретінде облыс орталығында басқаларға ұқсамайтын бірегей нысан салуды ойластырып жүргенмін. Сол ойымды іске асырғалы отырмын. Ол үшін барлық мүмкіншілікті пайдаланамыз,– деді инвестор Дмитрий Кошелев.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp