«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПСАЛАЛЫ ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЙМАҚ

Соңғы жылдары еліміздің сыртқы экономикалық саясатындағы басым бағыттардың бірі – аспан асты елімен көпсалалы ынтымақтастықты нығайту. Әсіресе агроөнеркәсіп, энергетика, логистика және технология салаларында серіктестік тың серпін алуда. Солтүстік Қазақстан облысының ресми делегациясы Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясына іссапармен барып, халықаралық форумға қатысты. Бұл іссапар облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің өткен жылдың қараша айында Шэньси провинциясына жасаған ресми сапарының жалғасы ретінде ұйымдастырылды.

Сапар аясында облыс делегациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымының шеңберінде Сиань қаласында өткен кедейлікті төмендету және даму мақсатындағы екінші форумға қатысып, аграрлық және ауылдық аумақтарды қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша ұсыныстар мен тәжірибе алмасты.

Форумда жергілікті делегация тарапынан өңірдегі ауыл шаруашылығының даму бағыты мен әлеуеті, мемлекеттік қолдау тетіктері, шетелдік инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы баяндама жасалды. Делегация құрамында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин өңірдегі инвестициялық климат пен қолдауға ие жобалар туралы нақты ақпарат ұсынды.

Сондай-ақ Сиань қаласында Шэньси провинциясының Мемлекеттік электр желілік корпорациясының төрағасы Чжан Сюэхун мырзамен жұмыс кеңесі өткізіліп, өңірде жаңартылатын энергия көздеріне негізделген нысандар салу, электр желілерін жаңарту және «жасыл энергетика» саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Чжан Сюэхун маусым айында облысқа арнайы келіп, жобаларды нақтылау мен келісімшарттарға қол қоюды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар кездесулер барысында «Aiju Group» компаниясымен өнеркәсіп, агроөнімдерді өңдеу, логистика және өндірісті жергіліктендіру салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Сапардың білім және ғылым саласына қатысты нәтижелері де айтарлықтай маңызды. Қытайдың аграрлық бағыттағы жоғары оқу орындарымен келіссөздер жүргізіліп, аграрлық ғылым мен техника бойынша академиялық алмасу бағдарламаларын бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 2025 жылдың жазында Шэньси провинциясынан жоғары деңгейдегі делегацияның Солтүстік Қазақстан облысына ресми сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар барысында нақты инвестициялық келісімшарттарға қол қойылып, алғашқы энергетикалық және өнеркәсіптік нысандардың құрылысы басталуы мүмкін.

Орта мерзімді перспективада Солтүстік Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық бағытта тұрақты логистикалық дәліз қалыптасып, өңір Орталық Азия кеңістігіндегі шекаралық азық-түлік және өнеркәсіптік хабтардың біріне айналуы ықтимал.

Жалпы алғанда бұл сапар облыс үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашып, өңірлік даму қарқынын күшейтуге, ауыл шаруашылығы мен энергетика саласындағы жаңғыртуларға жол ашатыны анық. Бұл бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, ауылдық аймақтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және экологиялық таза өндіріс мәдениетін дамытуға негіз болады деп күтілуде.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp