«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПТЕГЕН АУДАНДАРДА КЕМШІЛІК БАР

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасымен оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен жеті ауданға барып қайтты. Айдарбек Сейпілұлы сапар барысында мал шаруашылығының дамуы, орақ науқанына дайындық барысымен танысып, жергілікті жерде облыстық бюджетке түсетін кіріс-шығыс мәселелерін талқылады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Тайынша ауданында жиын өткізді. Ауданда бюджетке түсетін кіріс-шығыс бөлігі тиісті деңгейде орындалмай отырғандығын айтқан облыстық мемлекеттік кірістер жөніндегі департаменттің басшысы Данияр Жаналинов:

– Жергілікті бюджет 84,3 пайызға орындалды. Ол 768,1 млн. теңгені құрайды. Жергілікті қазынаға әлі 143,2 млн. теңге құйылмаған. Ал облыстық бюджетке тиісті қаржының 58,4 пайызы түсіп, 179,5 млн. теңге жетіспей отыр. Негізгі мемлекеттік кірістер орындалмаған. Жұмыс мардымсыз жүргізілуде, – деді.

Ауданда ауыл шаруашылығы саласы ақсап тұр. Жоспар бойынша мал репродукторына 200 бас асылтұқымды ірі қара сатып алынуы керек болса, бұл тапсырма орындалмаған.

Айдарбек Сапаров саладағы олқылықты қатаң сынға алып, жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуін талап етті.

Қызылжар ауданында да ел қазынасына жоспарлы 188 млн. теңге түспеді. Оның 102 миллион теңгесі облыс бюджетіне тиесілі болатын. Мұнда жұмысшыларға төленетін еңбекақы мөлшері де төмен.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған топ Уәлиханов ауданында да болды. Бұл ауданда да бюджетке түсетін мемлекеттік кіріс орындалмай отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының даму деңгейі төмен.

– Бүгінде Уәлиханов ауданының әкімдігі барлық салалар бойынша жұмысты нашар жүргізуде. Әсіресе, мал шаруашылығы саласы жолға қойылмаған. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” мемлекеттік бағдарламалары толыққанды жүзеге аспай отыр. Ал “Ырыс” бағдарламасына қатысуға бірде-бір кәсіпкер ниет танытпаған, – деді Айдарбек Сапаров.

Ал көрші Ақжар ауданындағы жағдай мүлдем басқа. Мұнда ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Аққайың ауданында да атқарылып жатқан жұмыс сын көтермейді. Мемлекеттік бағдарламалар орындалмаған. “Құлан” бағдарламасы бойынша жылқы сатып алынбаса, “Ырыс” жайлы жергілікті кәсіпкерлер мүлдем естімеген.

Мал шаруашылығы саласын дамыту бойынша ең төменгі көрсеткіш Есіл ауданында. Жиын барысында аудан бойынша барлық көрсеткіштер қаралып, Айдарбек Сапаров тиісті тапсырмалар берді. Одан кейін “Заградовское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабын аралады. 1994 жылы құрылған серіктестік орақ науқанына дайын. Осы уақытқа дейін бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгініп, шаруашылықтарын жан-жақты дамытып келеді екен. “Прометей Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де орақ науқанына жақсы әзірлікпен кіріскелі отыр. Аталмыш серіктестік биыл мал шаруашылығын да қолға алған. Егінмен қатар мал өсіруге “Столыпинское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ниет танытып, 52 бас ірі қара сатып алыпты.

Осы күні Айыртау ауданына да барған облыс әкімінің бірінші орынбасары “Айыртау Грейн” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс алқабында болды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp