«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ Петропавлда Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды

Астана күні қарсаңында облыс орталығында Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының төрайымы Күләш Шамшидинова қатысты.

Еліміз бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің саны бүгінгі күні 18-ге жетті. Оларда 11 мыңнан астам бала білім алады. Облыс орталығында бой көтерген оқу орны химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытатын болады.

– Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында елдің болашағы білімді ұрпақ екендігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауының арқасында білім беру саласы жүйелі түрде жетілдірілу үстінде. Еліміздің барлық өңірлерінде жаңа мектептер салынуда. Ал соңғы жылдары тапсырылған Назарбаев Зияткерлік мектептері үлгілі білім беру мекемелеріне айналған. Бүгін олардың қатарына Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы білім ордасы қосылып отыр. Сынақтан өтіп, Елбасы атындағы мектепте білім аламын деп келген әрбір балаға ерекше сенім артылады. Білім мекемесінен елдің ертеңін ойлайтын, халықтың игілігі үшін аянбай еңбек ететін азаматтар шығуы керек, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов мектепке автокөліктің кілтін табыстады.

Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған мектепте 700-ге жуық солтүстікқазақстандық жасөспірім білім алмақшы. Бүгінгі күні олардың 312-сі қабылданып, “Өркен” атты оқу грантына ие болды. Солардың бірі – Ерсұлтан Алпысбай. Ол – Тимирязев ауданындағы Ақжан ауылының тумасы. 8-сыныптың оқушысы физика, математика, биология, ағылшын тілі пәндерін қызығушылықпен оқиды екен. Ол Назарбаев Зияткерлік мектебіне түскеніне дән риза. Жаңа оқу жылына дейін оқушылар саны 500-ге жетеді деп күтілуде.

Салтанатты шара барысында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының төрайымы Күләш Шамшидинова мектептің құрылысына қолдау көрсеткен облыс әкіміне алғысын білдіріп, озық үлгідегі оқу орнының оқушылары атанған жеткіншектерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Кариноваға зияткерлік мектептер тәжірибесі бойынша әзірленген әдістемелік еңбектерді, ал Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебіне роботехника пәніне қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартты.  

Елбасы атындағы оқу орнында жоғары білікті педагогтер білім беретін болады. Мектеп директоры Күлфарида Райысованың айтуынша, бүгінгі күні мектепке сайдың тасындай білікті 88 мұғалім жұмысқа қабылданған. Оған қоса, Оңтүстік-Африка республикасы, Америка Құрама Штаттары мен Австралия елдерінен 5 мұғалім шақырылмақ. Мектепке әлі де физика, математика пәндерінен ағылшын тілін жетік меңгерген мұғалімдер қажет.

Жиынның салтанатты бөлімінен кейін қонақтар оқу орнын аралап көрді. Мектеп білім беру саласындағы заманауи қондырғылармен жабдықталған. Жеткіншектердің жан-жақты білім алуына қолайлы орта жасалған. Биология, химия, оған қоса биотехнология, нанотехнология, роботехника, техникалық модельдеу кабинеттері, түрлі бағыттағы зертханалар мен кітапхана оқушылардың жан-жақты білім алуына қолайлы. Өзінің телестудиясы мен баспаханасы, бірнеше спорт залы мен футбол, теннис, баскетбол және волейбол алаңдары бар. Ауылды жерлердің балаларына 120 орындық интернат та қарастырылған.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp