
Облыс орталығында көп жылдар бойы үй кезегінде тұрған екі жүзге жуық отбасы баспаналы болды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов екі көпқабатты жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйде болып, бақытқа бөленген қала тұрғындарын қоныстойларымен құттықтады.
Былтыр ғана Первомай көшесінің бойында төрт апаттық үй тұрған болатын. Олар сүріліп, бүгіндері орнына тұрғызылған жаңа үйлерде қала әкімдігінде пәтер кезегінде тұрған 186 отбасы қоныстойын тойламақ. Баспаналы болғандардың дені – толық емес отбасылар, мүгедектер, жетімдер және Ауған соғысының ардагерлері. Олардың 36-сы – көпбалалы отбасы.
Жылы әрі жайлы үш бөлмелі пәтерге ие болғандардың бірі – Шәріповтер отбасы. Он бір жыл бойы өзгенің баспанасын жалдап келген отағасы Алмаз Шәріповтің қуанышында шек жоқ. Ата-анасынан ерте айырылып, жетім өскен ол – бүгіндері екі баланың әкесі. Қаладағы такси парктерінің бірінде жұмыс істегенімен, зайыбы екеуінің табысы пәтер ақысы мен күнделікті керек-жарағынан артылмай келген. Олар ұзақ жылғы армандарының орындалып, соңғы үлгіде тұрғызылған үйден екі бөлмелі пәтер алғандарына қуанышты.
Бірнеше пәтерде болып, отбасыларды қоныстойларымен құттықтаған облыс әкімі үстіміздегі жылы тұрғын үй салуға бюджеттен 18 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп.
– Биыл 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 11 мың солтүстікқазақстандық баспанаға ие болмақ. Жыл соңына дейін берілетін үш мың пәтердің 625-і қоғамның әлеуметтік әлжуаз топтарына арналған.
Өңірдің 125 көпбалалы отбасысы көптен күткен баспанасына ие болады. Біз ескі және апатты үйлерді сүріп, орнына жаңа баспана салуды жалғастырамыз. Қазіргі уақытта “Береке” шағынауданында кезекте тұрғандарға 556 пәтерлік 5 көпқабатты үй салынуда. Тұрғын үйлер 2021 жылы пайдалануға беріледі, – деді Құмар Іргебайұлы.
Соңғы үш жылда Петропавлда бір мыңнан астам баспана сырылып, оның орнына жаңа үйлер салынды. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын таппақ. Облыс әкімінің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев және Шоқан Уәлиханов көшелерінің арасында ескі үйлер өте көп. Қаланың көркін қашырған сол үйлердің барлығын бұзып, орнына жаңа Спорт сарайын және үлкен саябақ салу жоспарланған. Алдағы уақытта аталмыш шағынаудан адам танымастай өзгермек. Бір атап өтерлігі, жаңа баспаналар тек облыс орталығында ғана емес, 5 ауданда бой көтерді. Атап айтқанда, Есіл, Шал ақын, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың орталықтарында көпқабатты 7 үй пайдалануға берілді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.