Петропавл қаласының Жұмысшы кентіне барар жолдағы көпір бірер жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен болатын. Кемі 15-20 жылға кепілдеме берілген өтпежол аяқастынан сыр беріп, қақ ортасында жарықшақ пайда болды. Бұл учаскеде әрлі-берлі ағылған жүргіншілер мен көлік ағынында еш тыным болмайтындықтан, ақаудың ақыры қайғылы жағдайларға ұласып кете ме деген қауіп жоқ емес.
Жұртшылықтың шағымы бойынша оқыс оқиға орын алған жерге тәртіп сақшылары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері келіп, көпірдің жағдайымен танысты. Лицензиясы бар жобалау ұйымдарының қатысуымен сараптама жасалды. Нәтижесінде жобалық-сметалық құжаттар рәсімделгеннен кейін жарықшақты қалпына келтіру жөнінде ұйғарым жасалды.
“Көпір жабылмайды. Демек, адамдардың қатынауына, автокөлік қозғалысына еш кедергі жоқ. Жыл аяғына дейін нысанға орташа жөндеу жүргізіледі”, – делінген баспасөз орталығы таратқан мәлімдемеде.
Күні-түні тіршіліктің қазаны қыж-қыж қайнап жататын көпір осыдан 60 жыл бұрын салыныпты. 2014 жылы жарты млрд. теңге қаржы жұмсалып, қайта жаңғыртылғанымен, жұмыс сапасында көлденең көз біле бермейтін бір шикілік жатқан секілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.