Облыс әкімі Ерік Сұлтанов алдыңғы қатарлы пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларын қабылдап, ПИК-тер жұмысының тиімділігін арттыру, жалпыүйлік жылу қуатын есептеу құралдарын орнату, үйлерді ұстау тарифтерін ұлғайту мәселелерін талқылады.
Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовтің баяндауы бойынша, облыс орталығында 1041 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғын үйлердің 841-і қандай да бір басқару нысанын иеленсе, 200-інде ешқандай басқару құрылымы жоқ, тек олардың 64-інде үй басшысы ғана сайланған. Олардың негізгі бөлігін екіқабатты, аз пәтерлі тұрғын үйлер құрайды, сондықтан ат төбеліндей тұрғындардың басын қосып, кооператив құру рентабельді емес.
Соған орай барынша көп үйлерді сапалы қызметпен қамтамасыз ету үшін өңірде “Голден Хаус” ЖШС сервистік компаниясы құрылды. Серіктестік басшысы Павел Фельдман ұйымның штатында дәнекерлеушілер, әрлеушілер, сантехниктер, электршілер мен басқа да қажетті мамандар бар екенін айтып берді. Онда 1 шаршы метрге 27 теңгенің тарифі белгіленген. Компания тоқсан сайын үйлердің тұрғындарымен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыс пен қаражаттың жұмсалуы туралы есеп береді.
Тағы бір маңызды мәселе – үйлерді есептегіш құралдармен жабдықтау. Көпқабатты тұрғын үйлердің 319-ында сондай құралдар орнатылған. Үстіміздегі жылы тағы 304 аспап орнату жоспарлануда. Жалпыүйлік жылу қуатын есептеу аспаптарын орнатудың тиімділігі айдан анық: жылу қуатының қалалық тарифі 1 шаршы метрге 87 теңгені құрайды, ал аспап қойғандардікі – одан 30 пайызға төмен.
Кездесуде тұрғын үйлерді жылыту маусымына дер кезінде дайындау проблемасы да сөз болды. 9 қыркүйектегі мәлімет бойынша 550 үйдің жылыту жүйелері жуып-шайылған, 502-сіне әзірлік құжаты рәсімделген.
Ерік Сұлтанов тұрғын үйлерді жылыту маусымына әзірлеу жөніндегі жұмысты жеделдете түсуді Петропавл қаласының әкімі мен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысына тапсырды.
– Тұрғын үйлердің жылыту маусымына әзірлік құжаты 1 қазанға дейін дайын болуға тиіс. Бұл жұмыстың маңыздылығын тұрғындарға түсіндіру қажет, ондай дайындықсыз жылу желілеріне салмақ түседі, онсыз да тозығы жеткен желілердің шығынын көбейте түседі, – деп атап айтты Ерік Хамзаұлы.
Күн тәртібіндегі мәселені талқылау кезінде әзірлік құжаттары жоқ үйлерді жылу жүйесіне қоспау жайлы ұсыныс та айтылды.
Сол сияқты “Таң нұры Петропавл” кооперативінің төрағасы Күшқайрат Құсайынов “СевКазЭнерго” компаниясымен бірлесе атқарып жатқан жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Осы ПИК-ке кіретін үйлердің тұрғындары үйлерді ұстауға көрсетілетін қызмет ақысын бірыңғай есеп айырысу орталығына төлейді. “Таң нұры Петропавл” ПИК-і тұрғындардың онлайн режімінде есеп пен төлемақыны байқап отыруы үшін әр пәтерге “Жеке кабинет” құруды жоспарлап отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.