«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨП БОЛЫП ЖҰМЫЛСАҚ — ЖЕҢЕМІЗ

Сан ғасырлық тарихында талай сын-қатерлерге төтеп берген халқымыз тағы бір қиындыққа тап болып отыр. Бүкіл әлемді жайлаған қауіпті індет қалыпты тіршілігімізді бұзып, небір тосын жайларды алға тартуда. Осындай қысылтаяң шақта халқына сөз арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз бетінде жария­ланған “Бірлесе білген ел бәрін жеңеді” атты мақаласы арқылы бәрімізді қиындықтарды жеңуге жұдырықтай жұмылуға, “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, сабырлылық пен байып­тылық танытуға шақырып отыр.

Нұрсұлтан Әбішұлы – халқым­ды төрге оздырсам, өзге елдер­мен те­резесін тең қылсам деп, аян­бай тер төгіп жүрген ерен тұлға. Біз оның қамқорлығын ұдайы сезі­ніп келеміз. Осы жолы да қоғам­ның ауыз­біршілігі ғана қиындықты ең­­се­руге жол ашатынын жүрегі­міз­ге жеткізді. “Өмірдің өзі, дәл бү­гінгі қалыптасқан жағдай біз ұс­танған бірігу мен бірлесуге негіз­дел­ген саясаттың бірден-бір дұ­рыс жол екендігіне көзімізді жет­кізіп отыр. Қазақстан халқының бір­лігі мен татулығы елімізде ғана емес, әлемді шарпыған қиын ке­зеңде бір-бірімізге қамқор болып, қолдау көрсетуге міндеттейді. Қам­қор­лық, қайырымдылық – қазақ хал­­қы­на тән қасиет”, – дейді Ел­басы.
Заман өзгеріп, ұрпақ ауысқа­нымен, қуат алар тамырымыз бір болғандықтан, атадан балаға ауыс­қан кеңпейілді көңілімізді кір шалмауы тиіс. Ұлттық болмысы­мызға сәйкес аға буынға қамқор­лы­ғымызды танытып, мұқтаж жан­дарға қол ұшын беруіміз керек. Елбасының: “Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сен­дер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақта­нып, игі істер жасауға ұмтылың­дар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қам­қор, бір-біріңе дос болыңдар. “Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос” деген Абай атала­рыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар”, – деп өскелең ұр­пақты жақсылыққа үндеуі кімді де болсын тебірентері анық.
Елбасы халықтың жағдайына алаңдап, елдің дамуына, эконо­микалық және әлеуметтік үдеріс­тердің жүзеге асырылу барысына баса назар аударып, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отыр. Қа­зақ­стандықтар әр кез мемлекет қам­қорлығынан шет қалған емес. Бүгінгі таңда да аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдерге, жалғызбасты зейнеткерлерге, ар­да­герлер мен көмекке мұқтаж жан­дарға жан-жақты қолдау көрсе­тілуде.
Біздің өңірімізде еріктілер 1200-ден астам адамға көмек көрсетті. Бұл бағыттағы жұ­мысымыз тоқтамайды, қиын жағ­дайға тап болған жерлестерімізге алдағы уақытта да қол ұшын береміз.
Өткен аптада “Birgemiz-Qy­zyljar” қоғамдық қоры өз жұмысын бастады. Осы қор арқылы өңіріміз бойынша 3500-ден астам адамға көмек көрсетілетін болады. Жа­рия­ланған карантин уақытында қолдауға зәру азаматтарға мате­риалдық көмек ретінде 50 мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Қорға қаржыны меценаттар, биз­несмендер мен жомарт жандар орталықтандырылған жүйе бо­йынша аударады.
Елбасымыз Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлемде ал­ғашқылардың қатарында кіріске­нін атап өтті. Сақтандыру шара­ларына қысқа мерзім ішінде меди­цина қызметкерлері, комму­нал­дық қызмет мамандары, полицей­лер бір кісідей жұмылды. Мемле­кеттік органдар арнаулы дайын­дықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, өрші­гені бақыланды. Соның нәтиже­сінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмеуде. Қауіпті дерт­ке шалдыққандар құлан-таза айы­ғып, қатарға қосылуда. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады.
Тәуелсіздік жылдары елімізде денсаулық сақтау саласын да­мытуға айрықша көңіл бөлінді. Барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалар, медициналық ор­та­лықтар салынды. Олар әлемдік деңгейдегі ең озық техникалар­мен жарақтандырылып, жоғары білікті мамандар даярланды. Осындай жұмыстардың нәтиже­сінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық за­манда жұқпалы дерттің дәл диаг­ностикасын жасау, оның ал­дын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігер­леріміз жоғары кәсіби деңгейде атқаруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халықтың ең­сесі түсіп, қиналмауы үшін бар жақ­сылықты жасауда. Жұмыссыз қал­ған тұрғындарға әлеуметтік төлем берілуде. Билік материалдық және моральдық тұрғыдан жұрт­шылыққа көмек беруден аянып қалмайды.
Елбасы мақаласы бізге бүгінгі­дей қысылтаяң шақта айқын бағ­дар болары анық. Нұрсұлтан На­зар­баев әрқашан өз халқының жү­регіне сенім, көңіліне үміт ұяла­тып, небір қиындықтарды жеңуге үндеп келеді. Осы жолы да жұ­дырықтай жұмылып, бар ауырт­палықты еңсерерімізге сенеміз. Ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылардың сөзіне сенбеуіміз керек. Өңірімізде жарияланған төтенше жағдай – біздің қауіпсіз­дігіміз үшін қажет уақытша шара. Сондықтан халқының амандығын ойлаған мемлекеттің қабылдаған шешімдеріне түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытайық.

Әсем РАХМЕТОВА,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp