«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨП БОЛЫП КӨМЕК ЖАСАЙМЫЗ

Мағжан Жұмабаев ауданының ардагерлер кеңесі өздері бастамашы болған “Жеңістің 70 жылдығына – 70 ізгілікті күн” акциясын өткізуде. Ол аудан жұртшылығы мен тұрғындарының назарын Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл еңбеккерлерінің өзекті мәселелеріне аударуды, оларға барынша көңіл бөлінуін, тұрмыстық және материалдық көмек көрсетілуін көздейді.

Акцияның бірінші күнінің майдангердің жесірі, тыл еңбеккері Нина Стремиленконың 80 жасқа толуымен тұспа-тұс келуінің өзі айтарлықтай жайт. Бұл күні мерейтой иесіне аудандық әкімдіктен, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінен келіп, құттықтау хаттары мен сыйлықтарын тапсырды. Қария барлығына шын көңілден ризашылығын және, әсіресе, Булаево қаласының №4 орта мектебінің тимуршылар қозғалысының белсенді мүшелеріне ерекше алғысын білдірді. Олар оның ауласындағы қалың қарын күреп, үйдегі тұрмыстық жағдайларына көмек жасады.

Ізгілік шарасының әр күні жақсы жаңалықсыз өткен емес. Мысалы, аудандық мәдениет қызметкерлерінің ардагерлер ұйымы жалғызбасты зейнеткерлерге өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын апарып тапсыруды дәстүрге айналдыруда. Тыл еңбеккері, еңбек сіңірген мәдениет қызметкері А.Селиванова осы бастауыш ұйымның есебінде, оның есімі Солтүстік Қазақстанның тарихи-өмірдерек очерктер жинағының үшінші томына енген. “Алтын күз” және “Ақ жаулық” ардагерлер клубтарының өткен Наурыз мерекесіне арналған біріккен отырысында тыл еңбеккеріне естелік жәдігер және сыйлық тапсырылды.

Қыстың соңына таман ұстаздық еңбектің ардагері Г. Ясельскаяның үйінде болғанымызда оның қоныс-жайының қалың қар астында қалғанын көріп, аудандық ардагерлер кеңесі мектеп-гимназия басшыларынан көмек сұрады. Олар тілегімізді екі етпей, қызметкерлерін жіберіп, ардагердің ауласын қардан тазартты. Қазіргі күрт еріп жатқан қар суына байланысты жедел қол ұшын берер жұмыс жетерлік. Біз олардың бәрін бақылауда ұстап, аудан мектептерімен тығыз байланыста бұл мәселені де шешіп отырмыз.

Ауданда 87 жалғызбасты тыл еңбеккері тұрады, біздің міндетіміз – оларға уақтылы көмек және қолдау жасау. Бұл орайда аудандық ардагерлер кеңесі жариялаған акция өзінің оң нәтижесін береді деп ойлаймын. Жуырда тағы бір “Алтын күз” клубының белсендісі, тыл еңбеккері Анна Бабийдің 80 жылдық мерейтойын өткізіп, той иесіне гүл шоғы мен сыйлығымызды апардық.

Оралбай САҒЫНДЫҚОВ,

 Мағжан Жұмабаев ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp