
Ол күндегі әдеті бойынша жұмысқа ерте барды. Ақ халатын киіп, қағаздарын ретке келтірген соң терезенің алдына жақындап, көшедегі күйбІң тірлікке көз салды. Бірі қызметіне, енді бірі сәбиін жетелеп балабақша мен мектепке асыққан адамдар. Жандарын меңдеген дерттеріне дауа іздеп, аурухананы бетке алғандары қаншама? Оларға мейірім төгіп, науқастарынан айықтырғысы келеді. Төлен Сүйіндікованың әр жұмыс күні осындай көрініспен басталады.
Бар саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Төлен Көшкенқызының медицинаға қызығушылығы бала күнінен басталған. Ол 1955 жылы бұрынғы Чкалов ауданына қарасты Қарағаш ауылында дүние келген. Дәрігер болуды мақсат еткен бойжеткен мектепті тамамдаған соң арман қуып алысқа қанат қақты. Целиноград қаласындағы медициналық институтта терапевт мамандығы бойынша білім алған ол еңбек жолын ауылдан бастауды жөн көрді. Бір орында 39 жыл тапжылмай еңбек еткен дәрігер зейнетке шықса да, жұмыстан қол үзген жоқ. Өйткені, көргені көп, тәжірибесі мол Төлен Көшкенқызы сияқты білікті мамандар әрқашан сұранысқа ие. Сондықтан аудандық аурухананың ұжымы да оның еңбегіне дән риза. Жастарға үлгі көрсетіп, бар жиған тәжірибесін ізбасарларына үйретіп жүрген ақ халатты абзал жан қызығынан гөрі қиындығы басым медицина саласын таңдағанына ешқашан өкінген емес.
– Ауылда фельдшерлік-акушерлік қосын болды. Кеңес өкіметі тұсында ауылдағы әйелдер сол жерде босанатын. Менің де жеңгем сәбилі болып, күнде оған сорпа апаратын едім. Фельдшерлік-акушерлік қосынның ішкі ахуалы маған жақсы әсер етті. Емдеу мекемесінің мұнтаздай тазалығын көріп, болашақта ақ халат киіп, дәрігер болсам деп армандадым. Бүгінде сол арманымның жүзеге асқанына қуанамын, – дей келе Төлен Сүйіндікова басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға қол ұшын созу сауапты іс екенін айтты. Сондықтан ол өз мамандығын жақсы көреді.
– Болашағын медицинамен байланыстырғысы келетін жастар о бастан-ақ бұл саланың қиындығы аз емес екенін түсінулері қажет. Жалпы әрбір адам жақсы маман болуға тырысуы керек қой. Ал дәрігер болу үшін білім ғана емес, уақыт, төзім, күш-қайрат қажет. Медициналық қызметкердің бойында көптеген жақсы қасиеттер болуы керек. Өйткені, біз адам жанының емшісіміз, – дейді ол.
Әр науқастың өміріне жауапкершілікпен қарайтын дәрігердің ізін басқан қызы Арайлым да бүгінде аудандық ауруханада терапевт болып жұмыс істейді. Әріптестері Төлен Сүйіндікованың қызметіне адалдығынан бөлек кішілігі мен кісілігі туралы айтудан жалықпайды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы.