1970 жылдың қысы. Алматыда студентпін. Өлең жазамын. Қазақтың Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология және журналистика факультеттері студенттерінің үнемі басын қосатын жері – қазіргі Абылайхан даңғылының бойындағы Қазақстан Жазушылар одағының әдемі ғимараты. Университеттің бас корпусы таяқ тастам жерде. Бәріміздің мақсатымыз – үлкен ақындар: Сырбайды, Мұқағалиды, Қадырды, Тұманбайды көру, солардың алдында өлең оқу.
Бейне бір келісіп алғандай, олар да Одақ үйінің екінші қабатындағы фойеде орындықтарға жайғасады.
Бірде жанымда екі-үш жігіт бар екінші қабатқа көтеріле бергенім сол еді, Сафуан ағам (Шаймерденов) ұзын бойлы, денесі Сапекеңе жедеғабыл бір жас жігітпен сөйлесіп тұр екен. Амандық-саулықтан соң ағам: “Есләм, мына бала менің ағатайымның жалғыз тұяғы. Филфакта оқиды, өлең жазады. Сен ақынсың ғой, байқап көрші өлеңдерін”, – деген соң көп тұрмай, Есағаңның соңынан еріп кете бардым. Астыңғы қабатта сыншы Төлеген Тоқбергеновтің кабинеті бар екен. Есағаң мені сонда алып келіп, танысып кеттік. Жерлесі әрі Сапекеңнің інісі болғандықтан ба, ол маған біртүрлі ыстық ықылас, мейірім танытып, “Түсі игіден түңілме!” дегендей, қуанып қалдым.
Тап қазір қандай өлең оқығаным есімде жоқ, әйтеуір, көппен бірге Одақтың екінші қабатында ресми емес жыр додасына түстім де кеттім. Арасында Есағаңа ұрлана көз тастаймын. Көңілінен шықпай қалам ба деген секем жоқ емес. Сол жерде марқұм Жайсаңбек Молдағалиев те тұрған.
– Жайсаңбек, інімнің өлеңдері қалай екен? Тек көңіліме қарамай, анық бағасын бер, – деді Есағаң. Бақсам, жазушы Жайсаңбек ағамен екеуі әзілдесіп жүретін құрдастар екен.
– Өзің жаман емессің. Інің де көңілімнен шықты, – деген риясыз күлкісін-ай Жайсаң ағаның. Онымен кейін Ғылым академиясында бір бөлімде қызмет еткенімде ағаларының “Жайсаңжан!” деп еркелететіні орынды екеніне көзім жетті.
Ол кезде Есләм аға бар болғаны отыз төрт жаста екен. Аты шыққан ақын. Мінезді. Анау-мынауға көне қоймайтын туралығын бірден аңғардым. Алматыда ақындардың бәрі бірдей баспаналы емес. Оны мен де сезем. Еріте кетудің реті келмей, Есағаң қиналып қалды.
Бірақ Жайсаңбек аға жолын тауып, бізді өз үйіне ертіп келді. Кітаптар, қолжазбалар… Маған бәрі таңсық.
Бір уақытта Есағаң ұзын бойын тіктеп алып, өлең оқи жөнелді. Туған жері – Өрнек. Өлеңі де – Өрнек. Өзі де, сөзі де – Өрнек. Тұнып тұрған лирика. Әдемі, әсерлі ұйқастар, құйылып тұрған ырғақтар.
– Мен де өлең жазудан бастап едім. Бірақ дер кезінде тоқтағаныма қуанамын. Әйтпесе, мына Есләмдардың жібін де ширата алмайды екенмін, – деп Жайсаңбек аға күлім қағады.
Айтып, айтпай не керек, сол 1970 жылдың қысындағы алғашқы таныстық Есағаң өмірден озған 2002 жылға дейін бір үзілген емес. Оның ең жақсы тілеулестерінің бірі болғанымды мақтан тұтамын. Талай жаңа жыр жинақтарына қолтаңбасын жазып, сыйлады да. Ақындық күш-қуаты ересен, нағыз лирик еді ғой.
Осы ағамнан үйренгендерім көп десем, артық емес. Оның ең бір ардақты сипаты қашанда, қандай жағдайда да тек адалдықтан, ақиқаттан айнымайтын бірбеткей турашылдығы еді. Ешкіні – апа, текені жезде қылып, жалпақтап, жағынуды жаны сүймейтін. Өзі сондай кішіпейіл. Біреуді сыртынан ғайбаттап жатқан адамның жанында тұрмай, орнынан тұрып кететін еді. Не болмаса, ондай сөзге құлақ салмайтын.
Өлеңге ерекше талап қоятындықтан, не болса, соны жырлауға, “Шөп те – өлең, шөңге де – өлең” дегендей, жасық, жансыз жырға Есләм аға жолаған емес.
Міне, ол осындай биік те өр тұлғасымен жадымнан шықпайды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.