«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«КӨРДІМ ДЕ СЕНІ, КЕТТІМ МЕН ОҚЫС ОЯНЫП…»

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Дүйсеке ауылының тумасы, есімі күллі қазаққа белгілі айтыс ақыны Ерік Асқаровты білмейтін адам кемде-кем. Ақынның жары Нәсіпжан Асқарова өзі өмірден өтсе де, артына өшпес мұра қалдырған жұбайының ізгі қасиеттері, көркем мінезі жайлы кестелі сөз сабақтады.

Атақ пен аманат

Қазақтың аяулы ақынының, айтыс дүлдүлінің жары болу – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Ерік Асқаровтың халық жүрегінің түбіндегі шырылдаған шындықты дөп басып айтып, елдің рухын көтергенін көзі қарақты жұртшылық бүгінге дейін қимастықпен еске алады. Нәсіпжан апай өмір жолын осындай ерекше жаратылыстағы адаммен түйістіргеніне өкінген емес. Керісінше, ол бұл бақытты Алланың маңдайына жазған ерекше сыйы деп қабылдайды. «Мен Алаштың аяулы азаматының бірі, қазақ айтыс өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан Ерік Асқаровпен 17 жыл отасып, жұбайлық өмірдің қызығын да, қуанышын да, жүректі қарып өтетін ызғарын да, қиындығын да бірге өткердім. Жұбайымның артында қалған ұрпақтарының анасы ретінде мен көп жағдайда атақ емес үлкен аманат арқалағандаймын», – дейді ол.

Атымтай жомарт

Ерік Асқаровтың адамгершілігі, кісілік келбеті жайлы оның көзін көргендер тарапынан әсерлі естеліктер, жүрекжарды жылы пікірлер жиі айтылады. Әйтсе де, айтыс дүлдүлін тағдыр талайын бір арнаға тоғыстырған жарынан артық білетін адам жоқ шығар. Жұбайы туралы сөз қозғағанда Нәсіпжан апайдың көңіл көкжиегіне жарының көкейіне келген сөзді кейін жұтпайтын бірбеткейлігі, өзінен бұрын өзгеге жаны ашып тұратын мейірімділігі қонақтай кетеді. Бойына осындай жақсы қасиеттерді тоғыстырған ардақты тұлғаның әрбір әрекеті азаматтық келбетін, адами бітім-болмысын байыта түсетіндей. Жақсының жарының айтуынша, Ерік Асқаров – нағыз бақытты дүниемен, байлықпен өлшемеген жан. Қиналған, көмекке мұқтаж адамды көрсе үнемі қол ұшын созып, қамқорлық танытуға дайын тұрыпты. Жұртшылық Ерекеңнің Көкшетау қаласындағы төрт бөлмелі пәтерін ауған соғысына қатысқан екі баласы бар бөтен адамға тегін бере салғанына иланбауы мүмкін. Ақын қамшының сабындай қысқа ғұмырында он шақты көлік мініп, соның денін туыстарына, жора-жолдастарына сыйға тартқаны да боямасыз шындық. «Volvo» маркалы кішірек қызыл машинамыз бар еді. Соны 15 мың АҚШ долларына сатпақшы болдық. Сатып алуға бірінші келген адамның 11 мың ғана доллары бар екен. Ерекең өмірінде бір рет кездесіп көрмеген бейтаныс жанмен саудаласпай, сол сомаға көлігін бере салды. «Сенің басқа ақшаң жоқ қой, мә, мынаны ал, немен жуасың», – деп 100 долларын өзіне қайтып берді», – дейді жақсының жары.

«Үш жүзден таңдап алған Нәсіпжаным»

Нәсіпжан Медейқызы «Ерік Асқаров қандай жар болды?» деген сауалымызға: «Ерікпен өткен әр күнімді шуақты көктемге балаймын», – деп жауап берді. Ақын отбасындағы ұсақ-түйек шаруаға араласып көрмепті. Ұлдарына аналарын жиі мақтап: «Міне, осындай жар алыңдар», – дейді екен. Нәсіпжан апай жұбайының дастарқан басында: «Сен менің асыл жарым, үш жүзден таңдап алған Нәсіпжаным!» – деп еркелетіп, мәз қылып қоятынын ұмытқан емес. «Мен Ерікпен отасқан он жеті жылда он жеті тиын тауып көрген жан емеспін. Әйелдің орны отбасы, бала тәрбиесі деп білдім. Ерікпен бірге өткізген он жеті жылды көктем дейтінім де содан. Ал онсыз өткен жылдардың әрбір сәті сүреңсіз қыс, күңгірт күз сияқты жанымды жабырқатумен келеді», – дейді ол жанарынан үзіліп түскен сағыныш тамшысын сүртіп.

Нәсіпжан Медейқызы – Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылының тумасы. Қарапайым отбасында тәрбиеленген. Өнерден құр алақан емес. Алматыдағы республикалық эстрада және цирк өнері студиясын домбыра мен ән салу мамандығы бойынша бітірген. Туған ауылындағы Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ақсу-Аюлы» ансамблінде жұмыс істепті. 1986 жылы көктемде айтыс өнері қайта жаңғырып, әр облыстан таланттарды іздеу үшін Жезқазғанға Жүрсін Ерманов пен Ерік Асқаров келеді. Болашақ жұбайлар ең алғаш рет Жарақ ауылында кездесіпті. «Ерекең «Көрдім де сені, кеттім мен оқыс оянып…» деп жырлағандай, Ерікке бір көргеннен-ақ ғашық болып қалғанымды жасырмаймын», – дейді жақсының жары.

Туған жердің төл перзенті

Әркімнің кіндік кескен туған жері бар. Сол қасиетті мекенді дәл Еріктей сүйген, Еріктей жырлаған ақын аз. Нәсіпжан апай оның төртінші сыныпта оқып жүргенде жазған «Туған жер» деген өлеңін көзінің қарашығындай сақтап келеді. Ақынның «Мен ертең Қызылжарға тағы аттанам», «Қызылжар», «Қыс болса, Қызылжарға кеткім келер», «Қызылжарда биыл тіпті қар қалың», «Көргің келсе қар бұрқаған боранды», «Барады ағып ерке Есіл» сияқты тағы басқа өлеңдері өскен өңіріне арналған.

Ерік Асқаров көзі тірісінде: «Ақын Қасым Аманжоловтан кейін баспана тауқыметін тартқан – менмін», – дегенді жиі айтатын болған. Ақын Алматыда қанша жыл тұрса да бір пәтер бұйырмаған. Содан кейін Көкшетау өңіріне қоныс аударуға тура келген. Ол жерде жеті жыл тұрып, «ел таныған Ерік» атанған. Осы уақытта тоғыз әкім ауысқан қаланың тұрмысы, тұрғындарының жағдайы айтпаса да түсінікті еді. Арқалы ақынның «Байбөрінің боздауы», «Күрсіне берді Көкшенің бұлты арылмай», «Көкшетауға Абылайдай хан керек», «Жолаушының жолы жарты» секілді кесек шығармалары майшамның жарығымен жазылды. Астананың Ақмолаға ауысқанын естіп балаша қуанды. Ойланбастан елордаға аттанды, қызметке орналасты. «Көп ұзамай төрт бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Сол кездегі қуанышын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. «Нәсен, енді мені мазалама, Алла жазса, елу жасқа дейін елу томдық кітап шығаруым керек», – дейтін. Жазу үстелінің үстінде баспаға әзірлеген бір томдық кітабы, одан өзге «Аэропорттан әрі – аспан» пьесасы және «Абыл атаның әулеті» романы, көптеген естеліктері қалды», – дейді Нәсіпжан апай.

Бүгінде Астана қаласында тұрып жатқан Нәсіпжан Медейқызы жарының туған жеріне жылына бір-екі мәрте ат басын бұруға тырысады. Ерік Асқаровтың балалық шағы, жігіттік дәурені өткен көшеге табаны тигенде марқайып қалатыны бар. Ерлі-зайыптылар өсірген алты бала: Айдана мен Айсана, Сырым, Абылайхан, Бекзат, Еркөкше де Қызылжарға жиі келеді. Анасы олардың «өмірдегі сыздаған барлық жараның бетінде жүрулерін» қаламағанымен, әке жолын қууларына қарсы болмаған.

…Айтыс дүлдүлі Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдық мерейтойына қатысу үшін Қызылжарға аттанар түні түс көріпті. Таң алакеуімдеп атысымен жарына: «Нәсен, мен бір жақсы түс көрдім. Мағжан екеуіміз аспанда қалықтап ұшып жүр екенбіз», – деген ақын сол күні мәңгілік сапарға аттанған.

Дайындаған

Нұргүл ОҚАШЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

ҒАШЫҚ-ЖҮРЕК

Балалық алыс, алыста және ағалық,

Жүрген бір жан ем өзімді өзім пана ғып.

Жүрегім менің соғатын тынбай, жаңылмай,

Тамырларымда жататын жаймен қан ағып.

Санамда менің жататын жаймен ой ағып,

Тым-тырыс қана жүруші едім сая ғып.

Иіні түсіп, қалғыған орман секілді ем,

Көрдім де сені, кеттім мен оқыс оянып.

Шалғайда емен, торғай да емен тордағы,

Барамын ұшып, бұлғасаң қолды болғаны.

Ашпас ем сырды, жазбас ем жырды осынау

Жарылып кеткір жүрегім тулап болмады.

Барамын жанып өртіме дертің құйылып,

Жүрмін мен қазір ғашықтық пірге сыйынып.

Күтеді сенің алақаныңның жылуын

Жүрегім, қаным,

Жанарым, жаным қиылып.

Ерік АСҚАРОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp