Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлмира Саринаның концерті өтті.
Дәстүрлі ән өнерін тамашалауға жиналған көрерменнің қарасы әдеттегіге қарағанда көп болды. Әсіресе, ақ жаулықты әжелер мен қариялар көптеп жиналды. Олардың Қызылжар өңірінде жиі бола бермейтін қазақ ән-күй өнеріне тәнті болғандығы әншінің орындауындағы әндерді сүйсіне тыңдағандарынан-ақ байқалды.
Концертте халық әндерінен өзге Сегіз серінің, Әсет Бейсеуовтің, қазіргі ән сүйер қауымның ықыласына бөленіп жүрген Секен Тұрысбековтың музыкалық шығармалары орындалды.
Кеш барысында Гүлмира Сарина әнші ретінде ғана емес, сазгерлік қырынан да танылды. Ол туған інісі Қалқаман Саринның сөзіне жазылған, әуенін өзі шығарған “Ата-ананың қадірі” атты термені орындады. Сондай-ақ, Төлеген Айбергеновтің Мұхтар Шахановқа арнап шығарған “Сағыныш” деген өлеңіне жазған әнін де шырқады.
Ерекше қуантарлығы – бұл концертте дәстүрлі әннен бөлек домбыраның, қобыздың да үні естілді. Әншіні облыстық филармонияның жанынан құрылған Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді. Жергілікті өнерпаздардан концертте Дәмеш Құрманкина ән шырқаса, қыл қобызда оркестрдің әртісі Жәмила Мұстафина сазгер Ермұрат Үсеновтың шығармасын орындады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.