Даласына ән қонған киелі Қызылжарда Сегіз сері, Ақан сері, Орынбай, Үкілі Ыбырайлардан бастау алған ән дәстүрі бүгін де үзілмей жалғасып келеді. Төл өнеріміздің көшін алға сүйреп жүрген жастардың қатарында Ғалымжан Нұрпейісов те бар. Талай тектіні құндақтаған Есіл ауданында туып-өскен өнерпаз бүгінде Ақан сері атындағы облыстық филармонияда еңбек етіп, көрерменді қоңыр дауысымен қуантып жүр. Жуырда әнші тыңдармандарына “Қоңыр дауыс” атты жеке концертін ұсынды.
Шара жергілікті театр актерлері дайындаған ауылдағы жастар өмірін еске салатын көрініспен басталып, ортаға көрермен қошеметімен кеш иесі шықты. Ел алдында домбырасын тартып, бірден әнге басқан өнерпазды тыңдарман ұйып тыңдап, ықыласын аямады. Мәңгілік махаббат оқиғасынан сыр шертер “Аягөз ару” әні жиналғандарды ерекше әсерге бөлеп, көңілдерін толқытты.
Ғалымжан Нұрпейісов шара барысында өзінің өзгеше қырын танытып, сырнаймен де сызылтып ән салды. Кеш иесінің Еркежан Мұратханмен дуэт болып шырқаған “Есіңе мені алғайсың” туындысы да жоғары бағаға ие болды. Одан әрі Ғалымжан Нұрпейісов пен ұстазы Қайырлы Ғафуров Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған “Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін” әнін айтты.
Шараға филармония ұжымы бір кісідей атсалысып, өнер иесінің мерейін асырды. “Туған жер”, “Әдемі-ау” би топтары, “Әлқисса” фольклорлық ансамблі, Жанат Айтбаев, Біржан Есжан, Еркебұлан Қарыпов сынды дәстүрлі әншілер, күйші Бәйімбет Құбайдолла өз өнерлерімен кешті әрледі.
– Өнердің жолы жеңіл емес. Дәстүрлі әнші атану үшін өнерпазға дарынды болу жеткіліксіз. Ол үшін көп іздену керек. Осы жолда тер төккен марғасқалардың ғұмырдарияларына, артына қалдырған мұраларына терең бойлаудың маңызы зор. Бұл күнді бірнеше жылдан бері күттім. Сахнаға, елдің алдына жарқырап шығуыма әріптестерім көп қолдау көрсетті, – дейді Ғалымжан Нұрпейісов.
Концерт соңында өнерпаздар “Сал дәурен” әнін шырқады. Кеш иесі ұстазы Жанат Айтбаевқа құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев пен филармония басшысы Ботагөз Ақмағамбетова сөз алып, әншіге игі тілектерін жеткізді.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.