«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРЕРМЕН КӨҢІЛІН КӨТЕРМЕК

Облыстық филармонияның әлеуметтік желідегі парақшаларының тікелей эфирінде Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы Алтынбек Сармұхановтың “Күй құдіреті” атты концерті өтті. Бұл бастама көрермендердің көңілінен шығуда. Бір сәт күмбірлеген күй, әсем ән тыңдауға мүмкіндік туды.

– Әлеуметтік желілерде қазақстандық өнерпаздар “Biz birgemiz!” акциясына қолдау көрсетуде. Олар өнер арқылы халықты ауызбіршілікке, сақтыққа шақыруда. Туған жерге деген іңкәр сезіммен өнердің құдіретін ұғындырған әншілердің бұл бастамасын жергілікті орындаушылар да құп көрді. Қазіргі жағдайда сақтық шараларын қатаң ұстауға тиіспіз. Сондықтан шығармашылық ұжымдардың көрермендер үшін онлайн концерт ұйымдастыруы дұрыс шешім деп ойлаймын, – деді облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетова.
Алдағы уақытта Бәйімбет Құбайдолла, Нұрлан Серғазинов, Динара және Асхат Таушевтар, Радик Синтиков, Асхат Ғалеев, Біржан Есжан, Наталья Евдокимова сынды өнерпаздар мен “Черный бриллиант”, “Меломикс” топтарының онлайн концерттері көрермендерге ұсынылатынын атап өткен жөн.
Осылайша, өнерпаздар қысылтаяң шақта көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауға асық. Облыс орталығында тегін домбыра үйірмесін ашып, өскелең ұрпақты өнерге баулып жүрген жас дарын Бәйімбет Құбай долла тікелей эфирде өтетін концертке дайындық жүргізуде. Оның айтуынша, кез келген концерт үлкен ізденісті, еңбекті, жауапкершілікті қажет етеді.
– Еліміздегі жағдайға байланысты осындай онлайн концерттер ұйымдастырылуда. Бұл бастамаға бірден келісімімді бердім. Көрермендер өнерден рухани ләззат алса екен деймін. Күй тартып, әрбір шығарманың тарихымен таныстыруды көздеймін, – дей келе ол көрермендерді саф өнермен сусындату үшін аянып қалмайтынын жеткізді.


СУРЕТТЕ: “Меломикс” тобы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp