Сафуан Шаймерденов… Бар болғаны жиырма сегіз жасында алғашқы “Болашаққа жол” романын жазып, ұлы Мұхтар Әуезовтің “Әдебиетіміздің болашағы осы Сафуандар ғой” деген лебізіне бөленген ағамыз кейінгі қаламгерлік ғұмырында осы сөздің жөнімен айтылғанын айғақтап, Қазақстанның халық жазушысы атанды, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Әдеби ортада оған “Көркемсөздің жұлдызы” деген теңеу берілді.
Жоғары жаққа көзін сатып, атақдаңқ, сый-сияпат тілемеген, бірбеткей, туабітті турашыл мінезімен біреуге жағып, біреуге жақпаса да, Сафуан ағам ешкімнен сескенбей өтті. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін сол кездегі Қазақстан коммунистерінің басшысы Геннадий Колбин жастарды “ұлтшыл”, “бас-бұзар” деп жазғыруға жазушыларды айдап салмақ болды. Оның бұл зымияндығын қаламгерлер түсінбей қалған жоқ. Алайда, Қазақстан Жазушылар одағының 1987 жылдың қаңтарында өткен кезектен тыс пленумында көбі тура айтудан қаймығып, әліптің артын бағып қалғанда Колбинге қарсы тұрған екі-ақ жазушы болды. Бірі – ақын Жұбан Молдағалиев, екіншісі – Сафуан Шаймерденов. Жұбекең: “Бұл сұмдықты көзіммен көргенімше, майданда өліп қалғаным дұрыс еді!” – десе, Сафекең: “Колбин мырза, Сіз жастарды бұлайша жазғырмаңыз! Оларды “ұлтшылдар” деуге қандай дәлеліңіз бар? Қазақ халқы – барып тұрған мейірбан, бейбіт халық. Халықтың тағдырымен бұлайша ойнауға болмайды! Сіз, қолыңыздан келсе, Вавилон даңғазасын тыйыңыз” (қазақ тілі туралы айтқаны – З.Ә.) дегенде Қазақстан коммунистік партиясы бірінші хатшысының аузына құм құйылғанын отырғандардың бәрі көріп, бастарын шайқайды. Сафуанның тағдыры не болар екен деп, сескенеді. Алайда, Колбин Сафекеңе тізе батыра алмады. Себебі, қазақтың беткеұстар жазушысын жазалауға халықтың қаһарынан қорықты.
Сафуан ағамыздың тағы бір тындырған игі ісі – облыс орталығында қазақ мектептерінің саусақпен санауға да келмейтініне қынжылып жүрген кезінде, Петропавлда ұлт тіліндегі мектепті аштыруы. Мұны тарқатып айтсақ, мәселенің мәнісі былай: мектептің салыну барысын марқұм Қосыл Омаров басшылық еткен облыстық “Қазақ тілі” қоғамы, оның жанындағы ақсақалдар алқасы қадағалап, жағдайды онда құрылған штабтан біліп отыратын. Қаржы тапшылығына қарсы тұрар дәрмені жоқ “Қазақ тілі” қоғамы кімнен жәрдем сұрарын білмей қиналған еді. Ал Сафуан ағамның 1992 жылы 70 жасқа толуына орай оған “Петропавлдың Құрметті азаматы” атағы беріліп еді. Бірақ одан көмек сұрау ешбір адамның ойына келмепті…
Сондай бір күні үйдегі телефоным шылдыр етті. Трубканы көтерсем, қоңырау шалып тұрған Сафуан ағам екен. “Зейнолла, Владимир Карлович (сол кездегі облыс әкімі Владимир Гартман – З.Ә.) Қызылжарда қазақ мектебін салып жатырмыз деп еді. Құрылысы қалай, бітетін түрі бар ма?” – деді. “Қаржы жетпей, тоқтап тұр”, – деп едім, ол: “Маған адам келсін, Терещенкоға кірейік”, – деді қоштасарда.
Осы сөзді лезде ертеңіне Қосекең мен Нәкеңе (ақсақалдар алқасының төрағасы Ніл Болатбаев) жеткіздім. Сол күні түс ауа “Қазақ тілі” қоғамының бюросы қайта шақырылып, республикалық “Халық кеңесі” газетінің тілшісі Мәлік Мұқанов бюроның тапсырмасымен Алматыға аттанып кетті. Ол сол барғаннан Сафекеңе жолығып, екеуі Үкімет басшысы Сергей Терещенконың қабылдауында болды да, ағамыздың сөзінің өтімділігінен және табандылығынан сол 1995 жылы Петропавл қаласына классикалық гимназияның құрылысын тамамдау үшін республикалық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінді. Ол кезде бұл қыруар қаржы еді.
Келесі, 1996 жылғы 26 қазанда гимназия есігін айқара ашты.
…Сафекең 2007 жылдың 23 ақпанында өмірден озды. “Жақсының аты өлмейді”. Жазушы қайтыс болғаннан кейін Сафуан ағамыз бір кезде қызмет еткен облыстық “Солтүстік Қазақстан” газеті редакциясының, “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының ұйытқы болуымен көрнекті жазушының, қоғам қайраткерінің есімін мәңгілік есте қалдыру мәселесі көтеріліп, жергілікті билік органдарына хаттар жолданды. Ақыры, 2014 жылдың 24 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов біздің облысымыздың бірқатар білім ұйымдарының атауларын өзгерту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына қол қойып, соған сәйкес Петропавл қалалық классикалық гимназиясына Сафуан Шаймерденовтің есімі берілді.
Өзінің саналы ғұмырында тек ізгілікті, шыншылдықты, әдептілікті, әдемілікті, адам ойының мөлдір бұлақтай кәусарлығын, ар мен жан тазалығын ұстанып өткен, осы қасиеттерді барлық шығармаларына арқау етіп, прозаға лирикалық әуен, эстетикалық кіршіксіздік әкелген Сафуан Шаймерденовтің есімі жадымыздан өшпейді, бай шығармашылық мұрасы халқымызбен бірге жасайды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.