“Астана – Отанымның елордасы” атты әлеуметтік жоба аясында облысымыздың отыздан астам оқушысы арман қалаға саяхаттап келді. Оны ұйымдастыруға Астана қаласы әкімдігі мен “Астана Конвейшн бюро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйытқы болса, облыстық білім басқармасы мен “SKY WAY” туристік фирмасы іске асырды.
Топтың құрамында Петропавл қаласының, Шал ақын, Есіл, Мамлют, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың аз қамтылған отбасыларының балалары мен тәрбиеленушілері болды. Әсіресе, оқу мен спортта жақсы көрсеткіштерге жетіп, балалар үйлері жасөспірімдері арасындағы баскетболдан Қазақстан чемпионы атанған тәрбиеленушілеріміз Анатолий Алаш пен Максим Красиков үшін бұл саяхат үлкен сыйлық болды.
Оқушылар Қазақстанның барлық облыстарының көрікті жерлерінің макеттері қойылған “Атамекен” мұражайында, Бейбітшілік пен келісім сарайында, “Астана-Бәйтерек” монументінде, тағы басқа көрікті жерлерде болды. Ұлттық орталық, әскери-тарихи және Тұңғыш Президент мұражайларында Қазақстанның даму кезеңдерімен танысты.
Наталья ГУЛЬКИНА,
Петропавл қалалық балалар
үйінің психологі.