Облыстық әкімдік аппаратының кезекті отырысында өңірдегі өнеркәсiп саласының өткен тоғыз айдағы жұмысы қорытындыланып, “ЭКСПО – 2017” көрмесiне дайындық барысы пысықталды.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов жыл басынан бері 131,5 млрд.теңгенiң өнiмi өндiрiліп, физикалық индекс көлемi 100,5 пайызды құрағанын тілге тиек етті. Өткен жылдың сәйкес мерзiмiмен салыстырғанда өндiрiлген өнiм көлемi айтарлықтай өскен. Соның ішінде азық-түлiк өнiмi – 5,9 пайызға, сусындар –2,2 есе, жеңiл өнеркәсiп – 5,5 пайызға, химиялық өнеркәсiп 16,1 пайызға артқан.
– Әрбiр өндiрiс орнымен жұмыс жүргiзу қажет. Аудан әкiмдерi өндiрушiлерге қолдау көрсетулері керек, – деді облыс әкімі Ерiк Сұлтанов.
“ЭКСПО – 2017” көрмесiн насихаттау мақсатында облыс аумағында баннерлер, “Ақылды қала” типiндегi автобус аялдамаларында хабарландырулар iлiнiп, Петропавл қаласының көшелерiнде, қоғамдық көлiктерде, кейбiр екiншi деңгейлi банк филиалдарында жарнамалық аудио және бейнероликтер дыбысталып, көрсетiлуде.
– Жергiлiктi “Прогресс” туристiк фирмасы ресейліктер мен өңiр тұрғындары
“ЭКСПО – 2017” көрмесi мен Солтүстiк Қазақстан облысының туристiк нысандарын тамашалауы үшiн арнайы бағыт әзiрледi. Аталмыш бағыт көрме қатысушыларына ұсынылатын туристiк бағыттардың тiзiмiне енгiзiлдi. Бұл туралы мәлiмет Ресей Федерациясының шекаралық өңiрлерiне жiберiлдi, – дедi кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Жарова.
Сондай-ақ, “ЭКСПО – 2017” көрмесiне қатысатын облыс тұрғындарының тiзiмi жасалып, ағылшын тiлiн меңгерген ерiктiлердi даярлау жұмысы белсендi жүргiзiлуде. Бүгінгі таңда талапқа сәйкес келетін 120 ерiктi iрiктелiп алынған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.