Оқырман сауалына Петропавл қаласындағы “Прогресс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ішкі туризм бөлімінің меңгерушісі Надежда Иванова жауап береді:
– Біздің агенттік жылдың айтулы оқиғасы “ЭКСПО – 2017” көрмесіне өңірімізден Астана қаласына туристерді тасымалдаудың жоспарын бекітті. “ЭКСПО – 2017” көрмесі шеңберіндегі қызметіміз бірнеше бағытта ұйымдастырылады. Солтүстікқазақстандық туристерді Астана қаласына тура апарып, көрмені, елорданың басқа да көрікті жерлерін аралатамыз. Ал Ресейден келген қонақтарды Айыртау ауданы немесе Бурабай арқылы Астанаға жеткізу жоспары жасалған. Өйткені, шетелден келген туристерге Қазақстанның басқа да жерлерін көру қызықты.
Агенттіктің бір немесе екі күнге созылатын туристік сапарлары үш топта ұйымдастырылады. Әр сапарда топтардың жас көрсеткіштері ескеріледі. Жас жеткіншектер тобының қауіпсіздігі үшін олар Астанаға тек пойызбен жеткізіледі, қарт-қарияларымыз күнұзаққа созылатын саяхаттан шаршамас үшін Астанада бір түнейді. Ал студенттер автокөлікпен жолға шықса, міндетті түрде тәртіп сақшылары еріп жүреді. Әр топта медицина қызметкері болады.