«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРНЕКТІ ҚАЛАМГЕР ТУЫНДЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында халықтар достығын арқау еткен шығармалар, соның ішінде биыл 75 жасқа толып отырған көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауиннің “Бір атаның балалары” повесі бойынша оқырмандар конференциясы болып өтті.

Жазушының бұл шығармасында соғыс жылдарының зардабына ұшыраған әр ұлттың жетім балаларының қазақ отбасыларында пана тауып, бір атаның балаларындай тәрбиеленгендігі аса тартымды баяндалады.

Іс-шарада М. Мағауиннің өмірі мен шығармашылығы жайында шағын бейнефильм көрсетіліп, 1973 жылы республикалық жабық конкурста 1-ші бәйге алған “Бір атаның балалары” туындысын көрермендер кеңінен әңгіме арқауына айналдырды.

М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы лицейдің және №6 мектептің оқушылары шығарманы терең түсіне оқығандарын танытты. Кітапхананың ұлттық әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Майра Мақышеваның сұрақтарына оқушылар мүдірмей, шебер сөз өрнектері арқылы дәйекті жауап берді. Сондай-ақ, №6 мектептің 7-сынып оқушысы Дамил Бектұрғанов “Бір атаның балалары” повесіне арнайы сурет салып, көпке ұсынса, Марат Дәметкен осы шығармаға слайд жасап, кітапханаға сыйға тартты.

М.Мақышева мазмұнды өткен әдеби-тарихи іс-шараға балаларды дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Бақыт Жүзенова мен Айман Әбіловаға рақмет айтып, кітапхана атынан екі мектепті де Алғыс хатпен марапаттады.

Көрнекті ақын-жазушыларымызды дәріптеуге, жастардың бойына патриоттық, адамгершілік қасиеттерді дарытуға арналған осындай конференциялар оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, қиыннан қиыстырып, тапқыр сөйлеуге дағдыландырады.

Надира ШЕРИМАТОВА,

М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің

2-курс студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp