Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төарағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру және күзгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, әр салада өсім бар. Кешенді жоспарға сәйкес, 324,8 млрд. теңгенің 48 жобасы жүзеге асырылған.
– Алдағы үш жылдың ішінде оңтүстік өңірлерден көш келетін отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынатын болады. Бұл мақсатқа 15 млрд. теңге бөлінеді. Тек биылғы жылдың өзінде 3 млрд. теңгеге 428 баспананы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда бұл жоспар тек 68 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін әлі 136 баспана тұрғызуымыз қажет. Осы орайда, аудан әкімдеріне жұмысты ширату қажеттігін ескертеміз, – деді Асқар Жоламанұлы. Бұған дейін Петропавлда 500 орындық заманауи көпбейінді аурухананың құрылысы басталатыны айтылған болатын. Қазіргі уақытта болашақ құрылыс алаңы анықталып, конкурстық шаралар ұйымдастырылуда. Екіжақты келісімге сәйкес, түркиялық “YDA Holding” компаниясы жергілікті 500 адамды құрылыс жұмыстарына тартатын болып шешілді. Өңір басшысы жаңа нысанға көшірілетін облыстық аурухана, онкологиялық диспансер, перинаталдық орталық, тері-венерологиялық диспансер, кардиологиялық орталық, инфекциялық бөлімшелерінің ғимараттары бос тұрмайтынын, яғни басқа мақсатта пайдаланылатынын атап айтты. Үстіміздегі жылы өңірдегі 125 білім ордасын күрделі жөндеуге бюджеттен 5 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл жұмыстарды жүргізу барысында 3,3 млрд. теңге игерілді. Бірқатар білім мекемелерінде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталмаған. Кейбір мектептер жаңа оқу жылына дайын болмаған. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, биыл облыстағы 63 мектеп 4 мың компьютермен қамтылуы тиіс. Бұл мақсатта ел бюджетінен 563 млн. теңге бөлу көзделген. Алайда, Білім және ғылым министрлігі әлі күнге дейін қаржы бөлмей отыр. Мақаланың толық нұсқасын газеттің келесі санынан оқи аласыздар.