Бүгінгі күні дүниежүзінде екі жүзге таяу интеграциялық бірлестіктер жұмыс істейді. Олардың арасында Еуропа Одағы, солтүстікамерикалық NAFTA, оңтүстікамерикалық MERCOSUR, АТЕС, БРИКС секілді әлемдік экономикалық даму үрдістеріне ықпал жасайтын ірі ұйымдар бар. Осыған қарап-ақ, уақыт алға жылжыған сайын төрткүл дүниедегі интеграциялық өзара іс-қимыл мен экономикалық әріптестік әлеуетінің одан әрі нығайып, бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер өндіру мен сервистік қызмет көрсету бағыттары бойынша ортақ рынок қалыптасқанын айқын аңғаруға болады. Осындай толқынның алдыңғы қатарында белсенді қатысушы ретінде танылған Қазақстан Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік жүйесінде өз орны мен әріптестік іс-әрекетін жандандырып келеді. Шекаралық аймақта орналасқан Солтүстік Қазақстан облысы көршілес Ресей өңірлерімен сыртқы экономикалық, сауда-саттық қызметінде үлкен басымдыққа ие.
Тұрар ЫСҚАҚОВ, облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
– Елбасы биылғы Жолдауында дамыған 30 елдің қатарына кірудің стратегиялық жоспарын ұсынып, күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында алға ілгерілеу жолдарын белгілеп берді. Олардың ішінде басым бағыттар бойынша шағын және орта бизнеске ерекше екпін түсіріліп, олар Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі деген тұжырым жасалды. Бүгінде елімізде жұмыс істейтін 800 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне 2,4 миллиондай адам тартылған екен. Осыған қарап-ақ индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудағы пәрменді рөлін бағамдай беруге болады. Бір-бірімен шырмауықша шырматылған әлемдік қауымдастық жаңа мемлекеттермен толығып, интеграциялық байланыстар жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысының 1994 жылы М. Ломоносов атындағы ММУ-де экономикалық өзара қарым-қатынастарға негізделген бірлестік құру жөнінде идея айтып, бастама көтергені бәріміздің есімізде. Соған сәйкес қазақстандық кәсіпкерлер де мемлекеттік қолдау жүйесінің жетілдіріле түскенін нақты сезініп келеді. Осы кезең аралығында солтүстікқазақстандық бизнес субъектілері де сан жағынан өсіп, бірыңғай экономикалық кеңістікке ену барысында бәсекеге қабілеттілік талаптарын біршама игеріп алғаны байқалады. Өйткені, олар ресейлік әріптестерімен жиі байланысқа түседі. Көрші елде кәсіпкерлер қатаң тәртіпте жұмыс істейді. Маркетингтік қызмет, салық жүйесі жетілдірілген. “Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы туралы” Заң қабылдануы, бір жағынан, мықты қаржылық қолдауды қамтамасыз етсе, екінші жағынан, кәсіпкерлік қызметке қатысты туындайтын кез келген мәселені заңдық тұрғыдан шешуге, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға жәрдемдеседі. Енді аталмыш заң бизнес өкілдерінің билік орындарымен келіссөздерін жақсартуға басымдық береді. Бізге кәсіпкерлер тарапынан арыз-шағымдардар жиі түсіп жатады. Енді ондай мәселелерді өңірлік палаталар жергілікті жерлерде шеше алады.
Президенттің елде кәсіпкерлік қызметтің дамуы үшін қажетті жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлығы жергілікті бизнес өкілдері тарапынан қызу қолдау тапқанын айта кеткен жөн. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, заңның барлық талаптарын орындағанына қарамастан, шетелдерге өнімдерін өткізе алмай отырған орта және шағын бизнес субъектілері жоқ емес. Оның бірден-бір себебі – кәсіпкерлер құқықтарының өз дәрежесінде қорғалмайтыны. Кәсіпкерлікті дамыту “Қазақстан – 2050” Стратегиясының басым міндеттерінің бірі екенін ескерсек, жоғарыдағы шаралар бұл саланы түбегейлі жақсартуды қамтамасыз етері анық.
Құралай ЖАРОВА, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы бөлімінің басшысы:
– Біз интеграция ғасырын бастан кешіріп отырмыз. “Араласпаса, ағайын да жат болады” демекші, бүгінгідей жаһандану заманында оқшауланып өмір сүретін елдерді кездестіру қиын. Сол себепті әріптестік әлеуетімізді тиімді пайдалану жолдарын талмай іздестіре отырып, іскерлік қарым-қатынастарды жетілдіре түссек, сауда-саттық та күшейеді, инвестициялық, интеграциялық өзара іс-қимылымыз да жанданады. Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдай жасаған елдер тобына жатады. Үш мемлекет арасында Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) жүйесі орнағалы осы үрдіс одан әрі өрістеп, шағын және орта бизнес субъектілерінің өзара үйлесімділігі қамтамасыз етіле бастады. Өйткені, шағын және орта бизнес экономикамыздың қозғаушы күші екені белгілі. Ол бірінші кезекте тауарлардың, қызметтердің, еңбек ресурсы мен капиталдың маңызды жақтарын қамтып, еркіндік пен қолжетімділік, фирмааралық және салааралық интеграциялық басым бағыттарымен сипатталады. Соңғы кездері инновациялық өнімдерді экспорттау, өндірістік жобаларға қатысу, шетелдік компаниялармен біріккен кәсіпорындар құру маңыздылығының арта түскенін аңғаруға болады.
Бүгінгі күні Ресей және Беларусь мемлекеттерімен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, басқа да салалар бойынша байланыс аясы тіпті кеңейді. Нәтижесінде жаңа рынок көздері пайда болып, Кеден одағына қатысушы елдермен байланыстар достық және серіктестік сипат алды. Өңірдің 30 кәсіпорны өз өнімдерін жүйелі экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Атап айтатын болсақ, “С. Киров атындағы зауыт” Бүкілресейлік автоматтандыру және байланыс ғылыми-зерттеу институтымен микропроцессорлық блоктау жүйесінің бағдарламалық қамтамасыз етілуін және кешендік локомотивтік қауіпсіз қондырғыларын әзірлеу мен жеткізу бойынша, сондай-ақ, осы жабдықтарды шығару кезінде ғылыми-әдістемелік басшылықты жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты бірнеше жылдан бері жалғастырып келеді. “ЗИКСТО” АҚ-ы Мәскеу қаласындағы “Промтехэксперт” мекемесімен бірлесіп, жүк вагондарының пайдалану мерзімін ұлғайту мақсатында оларды техникалық диагностикалау жұмыстарын аяқтауға жақын. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “ХИМПЭК” Орал холдинг компаниясымен бірлескен, өндіріске ғылым мен техника жетістіктерін, инновациялық жобаларды жеделдетіп енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына қазақстандық, ресейлік кәсіпорындар үлкен қызығушылық танытып отыр.
“Сұлтан” ЭММК” АҚ Қызылжардың сапалы бидайынан жасалған макарон өнімдерінің 40-қа жуық түрлерін алыс-жақын шетелдерге жөнелтеді. Сол сияқты, “Богатырский продукт”, “Надежда” серіктестіктерінің өнімдері де үлкен сұранысқа ие.
Светлана САВИНКОВА, облыстық Кедендік бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Бірыңғай экономикалық кеңістік экономиканы реттеудің бір тектес механизмімен жұмыс істеу, келісілген саясат жүргізу, тауарлардың, қызметтің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету деген ұғымды білдіреді. Кеден одағына енуге орай кеден заңнамасын реттейтін негізгі құқықтық акт – “Кеден ісі туралы” Кодекске өзгерістер енгізіліп, Үкіметтің жиырмадан астам қаулысы қабылданды. Кеден одағына кірген үш мемлекет арасында тауарлар мен қызметтер шекарадан төлем ауыртпалығынсыз және қағазбастылықсыз өту үшін бизнесті оңтайландыру жолдары рәсімделді. Сөйтіп, кәсіпкерлерге өз тауарларын өткізу нарығы әлдеқайда кеңейді. Сонымен қатар, олардың Ресей мен Беларусьтегі әріптестерімен еркін бәсекелестікте өздерінің кәсіби деңгейлерін жоғарылатуға деген ынта-жігері мен іске деген жауапкершілігі күшейтілді. Кедендік шекара Кеден одағының сыртқы шекарасына көшірілгеннен кейін солтүстікқазақстандық кеденшілердің міндет жүгі біршама жеңілденді. Қайта құру үдерістерінен кейін 11 кедендік бекеттің қызметі тоқтатылды. Керісінше, ішкі үш бекеттің жұмысы негізінде астық өнімінің экспорты мен қажетті тауарлар импортын кедендік рәсімдеу бағытындағы шаралар күшейтілді. Қызылжар өңірінің экспорттаушы кәсіпорындар үшін Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастырудың қолжетімділігі арқасында Еуропа елдеріне қосымша шығу мүмкіндіктері ашылды.
Облыстың сыртқы экономикалық қызметін дамыту соңғы жылдары, негізінен, Кеден одағының құрылуы мен нығаюы есебінен жүргізіліп келеді. Рәсімделетін дәстүрлі тауар номенклатурасына астық экспорты және өңірдің ауыл шаруашылығы тауарлары мен облыс орталығының өнеркәсіп өндірісінің қажеттілігіне арналған тауарлардың импорты жатады. Кеден одағына қатысушы елдердің тауар айналымындағы өңірдің жалпы үлесі 75 пайызға жуық. Былтыр сыртқы тауар айналымы 628,4 миллион АҚШ долларын құрады. Облыста шығарылатын өнімдер мен тауарлар әлемнің 30 мемлекетіне тарайды. Экспорттың 63 пайызы ТМД елдеріне тиесілі. Өткен жылы 320 миллион доллардың 1,348 миллион тонна сапалы астығы, 46 миллион доллардың 163 мың тонна ұн өнімі 13 елге жөнелтілді. Импорт бойынша 46 елмен байланыс жасалынып отыр. Олардың ішінде Германия, Украина, Қытай басымдыққа ие.
Департамент жұмысында кеден ісіндегі түрлі құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмауға, олардың алдын алуға да үлкен мән беріледі. Былтыр 29 қылмыстық оқиға тіркелсе, олардың 23-і экономикалық контрабандаға қатысты болды. 5,5 миллион теңгенің заңсыз тауарлары тәркіленді. 36 әкімшілік заңсыздық орын алып, 5,8 миллион теңге айыппұл салынды.
– Бұл ретте басты әріптес Ресей Федерациясы болар?
С. Савинкова:
– Әрине. Ресеймен тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 2013 жылы 5 пайызға өсіп, 702 миллион долларға жетті. Бұл ретте экспорт 36 пайызға артып, 66 миллион доллар болды. Импорт 2 пайызға көбейіп, 636 миллион доллардан асып жығылды. Көрші елге, негізінен, бидай мен ұн экспортталады. Жыл өткен сайын оның өсімі молайып келеді. Бидай көлемі – 12,5 пайызға, ұн 40 есеге артты. Ал Ресейден машиналар, көлік құралдары, құрал-жабдықтар, химия өнеркәсібі бұйымдары, өсімдік майы әкелінеді.
Кездесулер аясында кәсіпкерлер ақпарат алмасады, өнімдердің делдалсыз, тура жеткізілуін жолға қою жөнінде келіссөздер жүргізеді.
Т. Ысқақов: – Ресейдің шекаралас Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен ынтымақтық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, денсаулық сақтау, білім, тағы басқа салалар туралы жасалған келісімдер негізінде жүргізіледі. Ресми делегациялармен тәжірибе алмасу барысында бір-бірімізден үйренеріміз көп. Былтыр Қорған, Түмен облыстарының бизнес делегациялары жұмыс сапарымен болып, ықтимал серіктестіктер арасында байланыс биржасы ұйымдастырылды. Облыс іскерлік топтарының Калуга қаласына сауда-экономикалық миссиясы табысты орындалды.
Біз таяуда шекара аймағында орналасқан екі ел облыстары кәсіпкерлерінің басын қосып, «дөңгелек үстел» ұйымдастырдық. Онда бизнес өкілдері біріккен кәсіпорындар құру, сервистік, экспорттаушыларды сараптамалық қолдау, жарнамалық ақпаратты күшейту, маркетингтік, құқықтық қызметтерді жандандыру мәселелерін талқылады.
Қ. Жарова: – Солтүстік Қазақстан және Ресей Федерациясының кәсіпорындары қол қойған құжаттар арасында өзара тиімді тауарлар жеткізуге және қызметтер көрсетуге бағытталған шаралар аясы кең.
Қол қойылған меморандумдар шеңберінде “Қазмұнайгазмаш” АҚ-ы мұнай және газ тасымалы үшін жинақталымдарын жеткізу және ұңғыма аузының құрал-жабдықтары мен құбыр арматураларын өндіру жөнінде Қорған қаласының “Корвет” ААҚ-мен, мұнай және газ тасымалы үшін құбыр арматураларын жеткізу жөнінде Түмен қаласының “Нефтемаш” ААҚ-мен уағдаластық орнатты. “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” АҚ-ы Омбы, Қорған, Ишим қалаларын полиэтилен және қысымды су құбырларымен қамтамасыз етуге келісті.
Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік құрудың табыстылығы, пайдалылығы еш талас тудырмайды. Жүргізілген мониторингтік талдауға қарағанда, шетелдік кәсіпкерлердің өз тауарлары мен өнімдерін Қазақстанға шығаруға деген ынтасы жоғары. Әсіресе, шекаралық аймақтарда өзара байланыстың күрт өскені аңғарылады. Сауда-саттықпен ғана шектелмей, нарықтың тың жолдарын қарастыру, өндіріс технологиясын жетілдіру, тауарлар мен қызметтер сапасын арттыру, бұл орайда бизнесті қолдау тетіктерін барынша тиімді пайдалану дұрыс болар еді.
Дайындаған
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.