«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КӨРІСКЕНШЕ КҮН ЖАҚСЫ!”

Облыстық филармонияның кезекті концерттік маусымы жабылды.

Биыл филармонияның құрылғанына елу жыл толды. Осы уақыт аралығында өнер ордасы облысымызда тұтас көрермендер ортасын қалыптастырып, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді.

Филармония үшін мерейтойлық жыл тарихи оқиғаларға толы болды. Бұрынғы “Метро” ғимараты филармонияның пайдалануына берілді. Өзіне тиесілі сахна өнер ұжымдарының кең қанат жайып, көрермендерін қызғылықты концерттік бағдарламалармен қуантуға мүмкіндік туғызды. Аталмыш концерттік маусым соның дәлелі боларлықтай. Ұлттық өнерімізді дәріптейтін дәстүрлі ән-күйден бастап классикалық музыка концерттері, жастарға арналған түрлі жанрдағы музыкалық кештер көрсетілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арнап “Туған жер” халық би ансамблі де өз өнерін ортаға салды.

Кезекті концерттік маусымда филармонияның репертуары жаңарып қана қоймай, жаңадан құрылған ұжымдармен де толықты. Солардың бірі – “Кербез” триосы. Қыздардан тұратын топ қобыз, домбыра, шертер сияқты ұлттық аспаптар арқылы төл өнерімізді дәріптеуге ниетті. Топтың маусымның соңғы концертінде орындаған “Евразия” атты туындысы көрерменнің үлкен ықыласына бөленді. Сегіз сері атындағы қазақ-ұлттық аспаптар оркестрінің орындауындағы “Гауһар тас” әнінің желісі бойынша жазылған музыкалық шығармамен ашылған концертте филармонияның барлық әртістері өнер көрсетті.

Ұмыт қалған халық әндерін жастар арасында насихаттау мақсатымен құрылған “Азия sound” вокалды-аспапты тобы да осы жолы өз өнерін ортаға салды. “Әлқисса” фольклорлық және “Қызылжар” халық музыкасы ансамбльдері “Русские потешки” атты шығарманы бірлесе орындады. Қылқобыз, домбыра мен шертердің қоңыр үнді әуені балалайканың нәзік дауысымен үндесіп, еліміздегі алуан этностардың татулығын жырлады.

Ән мен биден шашу шашқан концерттің шымылдығы Жеңістің 70 жылдығын әспеттейтін әндермен жабылды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp