Елімнің жұмақ төрі – дала мекен,
Ол – мені әлпештеген АНАМ, ӘКЕМ.
Жол жүру – барған сайын қиямет-қайым,
Сағындым, қалай, қашан барар екем.
Теңеу көп, ойша бәрін салыстырам,
Қиянда қиялыммен жарыстырам.
Төсіңді Тайбурылдар дүбірлетіп,
Айбарыңды асырған Барыс, Қыран!
Сағынтып Сарыарқамды анда-санда,
Қиянға бастаушы еді жол қашанда.
Ақмола қалпыңменен арайлы едің,
Жас қала әлі Астана болмасаң да.
Қылықты, қыз бұрымды Есіліңмен
Тербеткен қиялымды бесігім ең.
Қайсыбір қиғаш бала қылығыма
Анамдай қараушы едің кешіріммен.
Таныған оң-солымды, есім кірген
Кезден-ақ ұқтым: төрің, есігің… кең.
Ризамын тағдырыма, ата-анама,
Есімімді үйлестірген есіміңмен.
Орнында бәз баяғы Ай, Күн әлі,
Көңіл кімнен қаймығып, шайлығады.
Абылай Ту көтерген алтын Арқа
Еліне құт дарытып, бай қылады.
Жалғасқан жақсылықтың жорасы көп,
Шошынғандар масасы, сонасы… деп
Жайлы орын беріп еді, бәрі барды,
Олардан өлген жанның моласы жоқ.
Қазағымның бар жері – баспана, құт…
Көлдері – айдын, таулары – асқар, алып.
Ақтөбе ме, Семей ме, Өскемен бе…
Өскен Елге жарасып кетер еді
Қай-қайсысын қойсаң да АСТАНА ғып!
Бар айыбың – қысың мен күзің зәрлі,
Есесіне сапырып қызыл дәнді,
Қалап-тілеп тұрады қызынғанды –
Ырыстың ұясындай Қостанайды,
Көрші, әне, Көкшетауды, Қызылжарды!
Бағы тайып кетпесе, құты кеміп,
Бес қолдың саласындай бүтін едік.
Көк Туымыз алаулап көгімізде,
Өзімізге тигенде бүкіл ерік,
Жаным – арым құрбаны деп білетін
Ежелгі Ер Түріктің тұқымы едік.
Білеміз көпке бірдің жаға алмасын,
Адам болып қалу да – Адамға сын.
Егемен Ел мерейін еркін ұста,
Арманыңның мұқалтпай ақ алмасын!
Биік мансап – айтуға,
Тақ – ол да сын,
Оққа тігер ер дейім ерен басын.
Қалың елге Құдай да жаққан емес,
Есіңде болсын дейім, уа, Елбасым!
Қадамыңа гүл бітіп, бақ орнасын,
Ата-баба аруағы желеп-жебеп,
Көтере бер Елімнің Ақ Ордасын!
Есләм ЗІКІБАЕВ.