Петропавл қалалық мәслихатының тұрақты депутаттық комиссияларының қоғамдық тыңдауы өтті. Қаралған негізгі мәселе – шағынаудан мен көшелерге атау беру.
Тыңдауға қатысушылар дауыс беріп, ұсынысты бірауыздан қолдады. Енді облыс орталығындағы жаңа шағынаудан «Бірлік» деп аталады. Ал көшелердің атауларын қоярда ұлттық құндылық, мәдени мұра мен тарихи тұрғыдан маңызды болуы ескерілген. «Бірліктің» көшелеріне «Атамекен», «Ақжайлау», «Арман», «Ырыс», «Ботай», «Домбыралы», «Азаттық», «Шапағат», «Бәйтерек» және т.б. атаулар берілді. Тыңдауда Жеңістің 80 жылдығы аясында соғыс қаһармандарының есімдерін көшелерге беру арқылы мәңгі есте қалдыру ұсынысы да айтылды. Қоғамдық тыңдауға қатысушылар бұл ұсынысты қолдады. Нәтижесінде тарихи маңызы жойылған ескі көше атауларының орнына Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанованың және Петропавлдан шыққан Кеңес Одағының Батырлары – Виктор Быковский, Александр Карушин, Гавриил Кирдищев, Михаил Малиев, Владимир Овсянников, Николай Подорожный, Иван Устиновтің есімдері берілетін болды.
«Бұл ұсынысты жүзеге асыру үшін жауапты органдарға тиісті тапсырма берілді», – деді қалалық мәслихаттың депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Павел Афанасьев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».