«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШЕЛЕР КҮЛ-ҚОҚЫСҚА ТОЛЫ

Петропавл қалалық Мәдениет үйінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шарада қоқыс шығару, қаланы абаттандыру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты.

 – «Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ғана ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Қоршаған ортаның мұнтаздай таза болуы – халық денсаулығының кепілі. Былтыр жүзеге асырылған жоба биыл да өз жалғасын табады деп жоспарлануда, – деді Марат Иманбайұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев өңірде экологиялық акция аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы облыс аумағын абаттандыруға 7,6 млрд. теңге бөлінген. Бір жылдың ішінде балаларға арналған 80-ге тарта алаң салынған. 38 мыңға жуық көшет егіліпті.

– Үстіміздегі жылдың 29 наурызынан бастап өңірімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер өткізіліп жатыр. Экологиялық шара аясында 5 600 аула тазаланып, 9 000 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды, – дейді Қанат Дүзелбаев.

Оның айтуынша, экологиялық акция аясында биыл да ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Үстіміздегі жылы облыста жаңа 42 спорттық, 40 балалар алаңы салынбақ. 130 мыңға жуық көшет егіледі деп күтілуде.

Жиын барысында облыс орталығын көркейтуге арналған кешенді жоспар таныстырылды.

Марат Тасмағанбетов Петропавлды абаттандыру жұмыстарымен айналысатын мердігерлердің жұмысын сынға алды. Әр көшедегі қираған ескерткіштер, сынған аялдамалар, төгілмеген қоқыс жәшіктері мен арам шөбі өсіп кеткен спорт алаңдарындағы жағдай слайдтар арқылы көрсетілді.

Бүгіндері Петропавлда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 5 кәсіпорын айналысады. Олар: «Коммунхоз», «ЧистыйПетропавловск», «Мюльсервис», «Жилищная служба» және «КоммунСевер» ЖШС. Аталған компаниялардың сұрауы бойынша осыдан екі жыл бұрын қалада қоқыс шығару тарифі көтерілген. Сол кезде серіктестіктердің көбі техника паркін жаңартамыз деп уәде беріпті. Алайда жаңа көліктерді тек «Жилищная служба», «Мюльсервис» және «Коммунхоз» ЖШС ғана сатып алған.

Өткен жылдың тамыз айында өңірде «Таза Қазақстан» telegram- боты іске қосылған болатын. Оған тұрғындар жол, саябақ, көшелерді жарықтандыру және басқа да инфрақұрылымдық мәселелер туралы өтініштерін жазып қалдыра алады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жол жөндеумен айналысатын компанияларды да сынға алды. Өйткені олардың бірде-бірі әлі жұмысқа кіріспеген.

– Биыл жер ерте кеуіп, жол жөндеу жұмыстарын әдеттегіден 2-3 аптаға ертерек бастауға мүмкіндік туды. Бірақ іске кіріскен компанияны көрмедім. Тіпті қаладағы бірде-бір асфальт зауыты әлі күнге дейін жұмысын бастамаған. Не күтіп жүрсіздер? Қаржы бөлінді, битум бар. Шұрық-тесік болған учаскелерді ертерек дұрыстауға болар еді. Ол үшін қажетті техника да қарастырылған, – деді Марат Тасмағанбетов.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp