«Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында өңірімізде «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы өткізілді. Республикалық акцияның әр аптасы белгілі бір тақырыпта өтеді. Ал 27 сәуір – ағаш көшеттерін отырғызатын және екпелерді әктейтін «Жасыл аймақ» күні болды.
Бұл күні облыстың елді мекендерінің аумағында 1,5 мың адамның қатысуымен 19 мыңнан астам түрлі ағаш-бұта тұқымдас көшеттер отырғызылды.
«Солтүстікқазақстандықтар бұл акцияға қосылуға шешім қабылдады. Акция облыстың барлық аудандарында өтуде. Бұл шара – аумақты көгалдандыру үшін қажет, әрі қоршаған ортаға қамқорлық белгісі. Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасын орындауға біз де өз үлесімізді қосамыз. Жоспар бойынша бірінші кезеңде 12 миллион, ал жалпы жыл соңына дейін 38 миллион ағаш отырғызу көзделген», – деді облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.
Көктемгі кезеңде орман қоры аумағында 2900 гектар алқапта ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Петропавл мен облыс аудандарында аумақтар тазартылды. Тұрғындар саябақтарды, саяжолдарды тазалап, үй маңындағы аумақтарды ретке келтірді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».