Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Петропавлдағы Жеңіс саябағына 100 түп көшет отырғызылды. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір басшысы игі іске жиналғандарға сәттілік тілеп, өзі де жұмысқа қызу кірісіп кетті.
Өңіріміздің тазалығына үлес қосу үшін зиялы қауым, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар ресурстық орталығының еріктілері, «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері де саябақ маңынан табылды.
– Биыл еліміз Жеңістің 80 жылдығын атап өтеді. Жеңіс саябағы – жерлестеріміздің Ұлы Отан соғысындағы ерліктерінің символы іспеттес. Саябақты абаттандыру ісіне жұмылғандардың қатарында аға буын өкілдері де бар, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Бұл күні облыс бойынша 17223 түп ағаш егілді. 26 сәуірге дейін 28457 түп көшет отырғызу жоспарлануда.
– Жеңіс саябағы қала тұрғындары жиі серуендейтін орынға айналған. Ел үшін жандарын пида еткен майдангерлерге тағзым етілетін орындарды таза ұстау – жауапты мамандардың ғана емес, баршамыздың міндетіміз, – дейді Жастар ресурстық орталығының еріктісі Ева Гребенникова.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».