Облыс полицейлері Есіл ауданында өткен көшпелі жиында биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыстарын қорытындылады.
Өткен жылы облыс аумағында 7546 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 5617-ні құрап отыр. Барлық ауыр және аса ауыр қылмыстар ашылған. Кәмелеттік жасқа толмағандар мен бұрын сотталғандар арасында және алкогольді ішімдік әсерімен жасалатын қылмыстар саны азайған.
Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, биыл ведомствоның материалдық-техникалық базасы нығайған. Учаскелік полиция пункттері жөндеуден өтіп, облыс бойынша 350-ден астам бейнекамера орнатылған.
Жиын соңында қоғамдық тәртіпті сақтауға қолғабыс берген бірнеше серіктестік басшыларына “Қазақстан полициясына – 25 жыл” төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ, облыс орталығында өрт кезінде бір отбасыға жедел көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне де құрмет көрсетілді.
Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ғалым Байжановқа арнайы үш дауыс зорайтқыш пен квадрокоптер сыйлады.
Шараға қатысушылар кәсіби міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы аллеяға шырша отырғызды.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі.