«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШПЕНДІЛЕР МҰРАСЫ

Петропавлдық Татьяна Никишкова киіз ба­суды кәсіпке айналдырғалы 6-7 жыл болды. Көшпенділер мұрасын меңгеру оған алғашында қол жетпейтін өнердей болып көрінетін. Қолөнер шеберлерінің көрмесінде келушілердің назарына ұсынылған киізден жасалған палантин жамылғысы көңілінен шыққаны соншалық Татьяна ақыры бұл өнерді меңгеруге бел буады.

Киізден кез келген бұйымды дайындауға болатынын білген кезде, қиялына қанат бітеді. Белдемше, көкірекше, байпақ, шәркей, бөкебай, бас киім, сөмке, орамал, текемет сияқты заттардың бәрін өз қолымен жасайды. Кейін пальто сияқты сырт киімді киізден басуды қолға алды. Оның үстіндегі елден ерекше киімге адамдардың таңырқайтынына бүгінде Татьянаның бойы үйренген. Тапсырыс берушілер де аз емес.
Қазақ өнеріне ғашық ол бұл кәсіпте бір өрнекті екінші рет қайталау мүмкін еместігін тұтынушыларына айтып, түсіндіруден жалықпайды.
Татьяна қойдың жүнін жуылған, түтілген, яғни дайын күйінде Ресей мен Германиядан тапсырыс беріп сатып алады екен. Тулаққа салып сабамаса да, киіз басудың одан басқа барлық кезеңдерін қатаң сақтайды. Мәселен, шабақтау, булау, білектеу, қарпу – киіз басу технологиясының қатаң талабы. Қойдың жүнін шабақтау үшін астына шидің орнына жұқа үлдірді қолданады. Оның көлемін де жасайтын затына қарай алдын ала өлшеп алады. Неше қабат жүн шабақталатыны да осы кезеңде шешіледі. Мәселен, бөкебайға – бір, шәркейге – екі-үш қабат қажет. Үзілген жүн талшықтары бір-бірімен ұйысып байланысуы үшін одан соң ыстық сумен булауға кіріседі. Татьяна өзі қайнататын сабынды ғана қолданатынын да айта кетейік. Себебі, бұл жұмыстарды атқару үшін сілтілі сабын керек. Ісмер әйел үшін сабын қайнатудың еш қиындығы жоқ. Ең қиыны – буланған жүннің үстіне төселген торды алғаннан кейін, таяққа орап әрі-бері қолмен домалатып, нығыздау. Кейде қойдың жүні бірден киізге айнала қоймайды. Оның үстіне, білектейтін де, қарпитын да жалғыз өзі. Қазақта ертеден бар “тулақ шашу” деген думанға ұласатын асарлату дәстүрінің қадірін осындайда түсінесің. Жасы 65-ке келген Татьяна осы жұмыстарды жалғыз өзі атқарады. Сондықтан болар бұл өнермен айналысушылар қатарының біздің қаламызда қалыңырақ болғанын қалайды. Ниет білдірушілер болса, киіз басуды үйретуге дайын. Әзірге бір ғана шәкірті бар – өзінің келіні әрі аттасы Татьяна.
Ол ертеде қазақ әйелдерінің бас киімнен бастап, аяғындағы шәркейіне дейін киізден басып, киіз үйдің өзін, ішкі жабдығын, ат тұрмандарын жасағанына тамсанудан шаршамайды. Оның түсіндіруінше, салқында – суық, ыстықта күн өткізбейтін киіз киім адамның дене температурасын бірқалыпты ұстайды. Сонымен бірге киіздің емдік қасиеті мол екеніне сенімді. Мәселен, белінің құяңы барларға дәріханаларда сатылатын ит терісінен жасалған белбеуден гөрі, киіз киім киюге кеңес береді. Ата-бабамыз түрлі жарақатқа киіз күйдіріп бас­қанынан да хабардар. Денсаулыққа зияны шаш-етектен синтетикалық материалдан тігіл­ген киімнен бас тартатын уақыт жетті, дейді ол. Соңғы кезде киізді жібекпен, былғарымен бірге басып, ешқандай жіпсіз, желімсіз біріктіріп, қалыңды-жұқалы киімдер дайындап жүр.
Қазақтың баға жетпес асыл қазынасын, ұлт­тық құндылығын өзге ұлт өкілдері дәріптеп, қолөнер дәстүрін жалғастырып жүргенін көргенде еріксіз сүйсінесің.


Роза ШӘКЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp