«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШТЕН ҚАЛМАҒАН КІТАПХАНА

Білімнің бұлағы саналатын кітаптың қастерлі қасиетін таныған шығыстың жарық жұлдызы Әлішер Науаи “Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына” десе, рухани байлығымыз жайында сөз қозғағанда қазақтың бас ақыны Абай атамыздың “Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге” деген тағылымы, жерлес жазушы Ғабит Мүсіреповтің “Кітапты оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік” деген ғибратты сөздері тіл ұшына оралады. Электронды ақпарат қарыштап дамыған жаһандану дәуірінде тәлім-тәрбиенің, ілім-білімнің негізі саналатын әдеби құндылықтарға деген қызығушылығымыз төмендеген жоқ па? Адамгершілік пен ізгіліктің, ғылым мен білімнің, саламатты өмірдің ұйытқысы саналатын өскелең ұрпақ бойына рухани байлықтың сарқылмас қайнар көзін сіңіретін кітапханалар бүгіндері өздеріне жүктелген міндетті жүзеге асыра алып жүр ме? Осы сынды сұрақтардың жауабын аудан төңірегінде іздеп көрген едік. Асыл қазынамыздың келешегіне қатысты сананы билеген сан күдік Шал ақын аудандық кітапханасының табалдырығын аттап, ондағы жұмыспен танысқан кезде сейіле бастады.

“Ел арасындағы кітапханаға баратындар қатары сиреп барады, кітап оқылмайды деген біржақты көзқараспен келісе алмаймын, – дейді кітапхана директоры Қалқа Байтоқина. – Облыстағы рухани білім ошақтарына келушілер саны 2 миллионнан асып жығылады екен. Ауданымыздағы кітапханалардың табалдырығын күн құрғатпай аттайтындар саны 13 мыңнан асады. Ауылдардағы оқырмандарға кітаптарды көлік арқылы табыс етеміз. Жүріп-тұруы қиын оқырмандарымыздың үйіне де кітаптар уақытында жеткізіледі. Жалпы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 29 ауыл кітапханасы қарайды. Бүгінде кітапханамыздың қорындағы кітаптар саны 26 мыңнан асады”.

Мол қордың шет жағасын сөрелері қаз-қатар тізілген әдеби мұраға толы бөлмелерді аралап шыққанда көрдік. Екіқабатты кітапхананың абонемент және оқу залдары мерзімді басылымдар мен кітаптарға сықия толып тұр. Бояуы кеуіп үлгермеген су жаңа әдебиеттер мен көрнекті тұлғаларға арналған көрмелер де көз тартады.

Мұнда кішкентай оқырмандарға да барлық жағдайлар жасалған екен. Өткен ғасырдың талай бүлдіршінін тәрбиелеп, қиял-ғажайып әлеміне жетелеген ертегілер, әңгімелер мен өлеңдер жинақтары жанрлары бойынша қазқатар тізбектелген. Кейбірінің мұқабалары тозып, өңі кете бастапты. Бөлменің бір бұрышы кітапқа деген қызығушылығы зор балалардың фотосуреттеріне арналыпты. Бұл да кішкентай оқырмандарды ынталандырудың бір түрі.

Кітапханашының қызметі жылы жерде отырып, кітап берумен ғана шектелмейді. Оқырманын баурау бағытындағы жұмыстарды кітапханадағы әдістемелік, жинақтау, ақпараттық-құқықтық бөлімдері жұмыла атқарады.

– Қандай да кітапхана болмасын, оның негізгі мақсаты оқырмандардың сұраныстарына сәйкес қорды жинақтау, оқыр­мандарды кітап оқуға тарту болып табы­лады. Кітап қорын жаңартып, заман тала­бына сай жаңа технологияларды енгізуге бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Әрдайым түрлі кештер, флеш-мобтар ұйымдастырамыз. Аудан тұрғындарының Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысының ардагерлерімен кездесулерін, тіл мәселесіне қатысты әдеби жиындарды, “Бір ел – бір кітап” акциясын өткізу дәстүрге айналды. Ондағы басты мақсатымыз жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Негізінен, біздің оқырмандарымыздың дені – қарттар мен мектеп оқушылары. Қарт­тар үйреніп қалған дағды­лары бойынша кітап оқыса, мектеп оқушылары берілген үй тапсырмасының жауабын осы жерден іздейді. Кітапханада ин­тернет бар. Мұнда бас сұққан жастардың сұра­нысын жылдам орындауға тырысамыз. Кітапханаға бір келген баланың кітап оқуға әуестенуі үшін бар жағдайды жа­саймыз, – дейді әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Наталья Лой.

Күнделікті өмірдегі жаңа­лықтарды, ғылымдағы жетістіктерді, әлемдегі оқиғаларды кітапхананың тұрақты оқырманы Қаншайым апай қалт жібермейді. “Әрбір адам өзінің рухани дүниесін байытып отыруы керек деген пікірдемін. Ал рухани байлықты байытудың сан түрлі жолдары­ның бірі – кітап оқуға әуестену”, – дейді зейнеткер.

Өмірдің айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, оқу-тәрбие құралы саналатын кітап ұрпағыңыздың сырлас досына айналу үшін кітапхана табалдырығын жиі аттау қажет деген пікірін айтқан кітапхана директоры:

– Меніңше, кітап оқу – бұл мемлекеттік мәселе. Бүгінгі жедел ақпарат тасқынының таса­сын­да қалып бара жатқан “кітап әлемін” қайта жандандыру – кітапханашыларға жүктел­ген үлкен міндет. Сондықтан біздер, кітапха­нашылар, кітап мәселесін көтерумен бірге, әлемдегі жаңалықтың жаршысы, елімізде болып жатқан әрбір оқиғаның насихатшы­сы екендігімізді ұмытпағанымыз жөн, – деді.

Бұған біздің алып қосарымыз жоқ.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp